Kaspi.kz AIX биржасында 600 млн доллардың еурооблигацияларын орналастырды

Жарияланды 28 Сәуір 2026 14:32

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Kaspi.kz обигациялары AIX-та сатылады / фото: gemini generated

Kaspi.kz жалпы құны 600 млн долларды құрайтын еурооблигацияларын AIX биржасында орналастырды. Бұл компанияның халықаралық деңгейдегі кезекті ірі қадамы болды. Бағалы қағаздардың айналым мерзімі – 5 жыл.

Бес жыл ішінде облигациялар биржада еркін саудаланады. Дәл осы облигацияның қайталама түрін компания 24 сәуір күні Лондон қор биржасында тіркеген болатын.

Еурооблигациялардың басты ерекшелігі – олардың қос биржада қатар листингтен өтуі. Яғни бағалы қағаздар бір мезгілде LSE мен AIX биржасында да саудаланады.

Инвесторлар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылына 5,9% деңгейінде бекітілді. Айта кету керек, халықаралық сұраныстың жоғары болуына байланысты көрсеткіш 2025 жылғы 6,25%-бен салыстырғанда төмендеді. Инвесторларға тиісті купондық төлем жарты жылда бір рет төленеді. Яғни облигация иелері жылына екі рет табыс алып отырады.

Жобаны ұйымдастырушылар

Транзакцияны халықаралық Citigroup және JPMorgan банктері мен қазақстандық BCC Invest компаниясы үйлестіріп, жүзеге асырды.

AIX Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова оқиғаны былай деп бағалады:

«Kaspi.kz еурооблигацияларын AIX алаңында саудаға жіберуі қазақстандық мықты эмитенттерге деген тұрақты сұранысты көрсетеді және биржаның жергілікті эмитенттер мен жаһандық инвесторлар қауымдастығы арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөлін айқындайды. Бұған дейін, 2025 жылғы наурызда Kaspi.kz 650 млн АҚШ доллары сомасында бес жылдық еурооблигациялар шығарып, купондық мөлшерлемені 6,25% деңгейінде белгілеген болатын. Биыл халықаралық инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне ықпал етіп, эмитент үшін қаржыландыру шарттарының жақсарғанын көрсетті».

Еске сала кетейік, Kaspi.kz қосымшасында «Есепті бөлісу» (Split Bill) атты жаңа сервис іске қосылды. Бұл функция достар немесе әріптестермен бірге тамақтанғаннан кейін, төлемді өзара жылдам әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз