
Reuters агенттігінің хабарлауынша, биылғы Бейжің автосалоны әлемдік автонарықтағы таңқаларлық алшақтықты паш етті. Қытайдағы автоөндірушілер арасындағы жоғары бәсекелестік жаңа көліктердің бағасын қатты арзандатып жіберген.
Қазір Қытайдағы электромобильдердің құны әлемдегі екінші ірі нарық саналатын АҚШ-тағы бағаның бестен бір бөлігіне ғана тең болып отыр.
Баға алшақтығы: АҚШ пен Қытай
Reuters келтірген мәліметтерге сүйенсек, көрсеткіштер өте таңқаларлық. Kelley Blue Book деректері бойынша, биыл наурыз айында АҚШ-тағы жаңа көліктің орташа бағасы 51 456 долларды құраған.
Ал Қытайда жағдай мүлдем басқаша: DCar платформасының ақпараты бойынша, мұнда бағасы 25 000 доллардан аспайтын 200-ден астам электромобиль мен гибрид модельдері сатылымда бар.
Тіпті, Қытайдағы ең көп сатылатын, бағасы 12 000 доллардан төмен бес электромобильді қоссаңыз, олардың жалпы құны АҚШ-тағы бір орташа көліктің бағасына әрең жетеді.
Geely EX2: Ықшам әрі заманауи
Geely EX2 2025 жылдың нағыз хиты. Reuters-тің жазуынша, оның бастапқы бағасы небәрі 10 060 долларды құрайды. Бұл көлік кішкентай болғанымен, ішкі жабдықталуы жоғары деңгейде: алдыңғы жүксалғыш, көптеген сақтау бөлімдері және 14,6 дюймдік үлкен сенсорлық экранмен жабдықталған.
Көліктің жоғарғы жиынтығы бір қуаттаумен 410 шақырымға дейін жол жүре алады. Сарапшылардың пікірінше, бұл көліктің сапасы мен көлемі әлдеқайда қымбат модельдермен бәсекелесе алады.
Wuling Hongguang MiniEV: Қала ішіндегі ең үнемді таңдау
Ең арзан электромобильдердің ішінде Wuling MiniEV моделі ерекше аталады. Оның бағасы 6 560 доллардан басталады. 2026 жылғы жаңа модельде төрт есік және ересектерге арналған артқы орындықтар қарастырылған.
Көліктің көлемі соншалықты кішкентай, Америкадағы ең танымал Ford F-150 пикабы тұратын бір орынға осы MiniEV көлігінің екеуін еркін қоюға болады. Бұл модельдің ең жоғарғы жылдамдығы сағатына 100 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, компанияның 8 000 долларлық Bingo Pro моделі де тас жолдарда жүруге ыңғайлы әрі бір қуаттаумен 400 шақырымды еңсереді.
BYD: Арзан электромобильдер нарығының көшбасшысы
Қытай автоалыбы – BYD компаниясы шағын электромобильдер нарығында басты рөл атқарады. Reuters-тің хабарлауынша, олардың бағасы 12 000 доллардан төмен үш негізгі моделі (Seagull, Yuan UP және Qin Plus DM) соңғы 12 айда Қытайда 700 000 данамен сатылған.
BYD Seagull моделі 10 200 доллар тұрады. 2026 жылғы жаңа нұсқасы автоматты түрде жолақ ауыстыруға көмектесетін лидар жүйесімен және жылдам қуаттау функциясымен жабдықталған.
Айта кетерлік қызықты жайт, бұрын бұл көлікте үнемдеу мақсатында бір ғана терезе сүрткіш (дворник) болса, тұтынушылардың сұранысы бойынша жаңа модельге стандартты екі сүрткіш орнатылатын болды.
Бұл арзан әрі сапалы көліктер Америка нарығына шықпаған, тіпті сатылмауы да мүмкін. Алайда, олар Қытайдағы автоөндірістің қаншалықты алға кеткенін және баға саясатының қаншалықты агрессивті екенін анық көрсетіп отыр.
Айта кетейік, Kursiv Media Қазақстан қай елдерден автокөлік импорттап жатқанын талдаған болатын.