«ВТБ Қазақстан» ресейлік иесіне 45 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды 4 Мамыр 2026 11:53

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

«ВТБ Қазақстан» дивиденді қанша / фото: gemini AI

Қазақстандағы ВТБ еншілес банкінің жалғыз акционері 2025 жылғы таза пайданы бөлу тәртібін бекітті. Қаржы институты ресейлік компанияға 45,2 млрд теңгеден астам қаражат аударады. Бұл алдыңғы есепті кезеңдегі төлемдерден шамамен 40%-ға артық (ол кезде дивидендке 32,38 млрд теңге жұмсалған болатын).

Бағалы қағаздардың кірістілігі де пропорционал түрде өсті. Бір жай акцияға шаққандағы бекітілген дивиденд мөлшері бір жыл бұрынғы 4 389 теңгемен салыстырғанда 6 127 теңгеге жетті.

Төлем ұлттық валютада, бейрезиденттің табысынан тиісті салықтар ұсталғаннан кейін 90 күн ішінде акционердің шотына қолма-қол ақшасыз аударым жасау арқылы жасалады.

Екінші деңгейлі банк (ЕДБ) тізімінде ВТБ банк актив көлемі бойынша 20-шы орында тұр. 2026 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша банктің актив көлемі 261 млрд теңгені құрады.

Санкция тізіміндегі банк

«ВТБ Қазақстан» банкінің жалғыз акционері – Ресей үкіметінің бақылауындағы ресейлік ПАО «ВТБ Банк». 2022 жылы басталған геосаяси қақтығыс салдарынан қаржы институты АҚШ-тың қатаң SDN санкциялық тізіміне ілігіп, SWIFT жүйесінен, сондай-ақ доллар, еуро және халықаралық төлем жүйелерімен (Visa, Mastercard) жұмыс істеу мүмкіндігінен толықтай айырылды.

Санкциядан кейін Қазақстан нарығынан кеткен өзге ресейлік банктерден айырмашылығы, ВТБ өз қызметін сақтап қалды және қазіргі уақытта тек теңге мен рубльдегі транзакцияларға, екі ел арасындағы сауда-саттыққа қызмет көрсетуге, сондай-ақ «Мир» төлем жүйесіне бейімделген жаңа бизнес-модель бойынша жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетейік, проблемалық несие үлесі бойынша ВТБ Банкі (9,49%) үлесімен ЕДБ секторында көш бастап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз