Мамырдағы тарихи кездесу: Трамп пен Си Қытайда кездеспек

Жарияланды 8 Мамыр 2026 10:37

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Трамп пен Си / фото: gemini generated

14–15 мамыр күндері Дональд Трамп Бейжіңге мемлекеттік сапармен барады. Кездесуге екі елдің дипломаттары өте мұқият дайындалды. Сәуір айының соңында АҚШ-тың қаржы министрі Бессент пен мемлекеттік хатшы Рубио қытайлық әріптестерімен «ашық әрі мазмұнды» сөйлесіп, екі алпауыт ел арасындағы тұрақтылықты қалай сақтауға болатынын талқылаған. Қазір тараптар бірнеше сала бойынша үлкен мәмілеге келуге тырысып жатыр.

Тайвань мәселесі

Бірінші кезекте екі ел де Таяу Шығыстағы жағдайдың тынышталғанына мүдделі. АҚШ Қытайдан Иранға ықпал етіп, Ормұз бұғазын ашуға көмектесуін сұрап отыр. Есесіне, Қытай Тайвань мәселесінде АҚШ-тан нақты қадамдар күтеді. Бейжің үшін бұл – ең маңызды тақырып. Олар Вашингтоннан «Тайвань тәуелсіздігіне қарсымыз» деген нақты сөзді естуді және аймаққа қару-жарақ сатуды тоқтатуды талап етуі мүмкін.

Сирек металдар соғысы

Екінші маңызды мәселе – жоғары технологиялар мен сирек кездесетін металдар соғысы. АҚШ Қытайға ең қуатты Nvidia чиптерін сатуға рұқсат бере ме, әлде шектеуді жалғастыра бере ме? Бұл басты сұрақ. Қазір Қытай америкалық технологияларға тәуелді болмау үшін өзінің Huawei чиптеріне көшіп жатыр. Мысалы, жақында шыққан DeepSeek V4 жасанды интеллект жүйесі америкалық чиптерсіз-ақ жұмыс істей алатынын көрсетті. Енді Трамп әкімшілігі Қытайдан сирек металдарды үздіксіз алу үшін санкцияларды жеңілдетуі мүмкін бе деген сауал туындап отыр.

Сауда саласы

Сауда саласында болса, әзірге үлкен серпіліс немесе «тарихи келісім» күтілмейді. Көбіне келіссөздерді алдағы уақытта қалай жүргізу керек екендігі туралы ғана құжатқа қол қойылуы ықтимал. Бірақ Қытай америкалық баж салығын өсірмеу үшін АҚШ-тан көп мөлшерде соя, Boeing ұшақтарын, мұнай мен газ сатып алуға уәде беруі мүмкін. Бұл екі ел арасындағы сауда байланысын уақытша болса да бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі.

Кедергілер

Дегенмен, Қытайдың электромобильдері мен күн панельдеріне салынған америкалық шектеулер әлі де үлкен кедергі болып тұр. АҚШ-тың металлургия компаниялары Қытайдың өз нарығына кіруіне түбегейлі қарсы. JP Morgan сарапшыларының пікірінше, екі ел арасындағы бәсекелестік ешқайда жоғалмайды. Бұл жай ғана «стратегиялық бәсекелестіктен» «стратегиялық қатар өмір сүруге» көшу әрекеті. Яғни, екі ел дос болмаса да, бір-біріне кедергі келтірмей, уақытша тыныштық орнатуға тырысады.

Айта кетейік, парсы шығанағындағы қақтығысты доғару үшін арнайы құжатқа (меморандумға) қол қоюды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз