Отбасы банк басшысы қатарынан бірнеше пәтер алатындарға салықты көбейтуді ұсынды

Жарияланды 12 Мамыр 2026 15:47

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Ирагимова салықты аттыруды ұсынды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова жылжымайтын мүлік нарығын «суыту» үшін маңызды бастама көтерді. Оның пікірінше, халық арасында пәтерді инвестиция ретінде сатып алу тым көбейіп кеткен. Осыған байланысты, сарапшы үшінші, төртінші және одан да көп пәтері бар азаматтарға салынатын салықты едәуір арттыруды ұсынып отыр. Бұл туралы ол ҚазАқпарат агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.

Нарық неге «қызып» кетті?

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазір жылжымайтын мүлік нарығында инвестициялық пәтерлердің үлесі тым жоғары. Қалтасында артық ақшасы барлар акция немесе облигация сияқты күрделі қаржы құралдарына қарағанда, пәтер алып сатуды әлдеқайда тиімді әрі түсінікті көреді.

«Біздің инвесторлар қысқа мерзімде пайда тапқысы келеді. Мысалы, қаңтарда 20 млн теңге салып, желтоқсанда сол пәтерді 30 млн теңгеге сатып, 10 млн теңге пайда көргісі келеді. Барлығы 50% және одан да жоғары табыс алуды көздейді», — дейді маман.

Осындай қысқа мерзімді пайдаға ұмтылу нарықтағы бағаны «қыздырып», жасанды сұранысты арттырады.

«Инвестицияны үйренсін»

Сондықтан эксперт үшінші немесе төртінші пәтерін сатып алғысы келетін адамдарға тоқтау салу қажетін алға тартады. Ибрагимова көп пәтер алғанша, инвестицияның басқа түрлерін үйренуге кеңес береді.

Ол нарықты реттеу үшін Қытайдың тәжірибесіне ұқсас қатаң шараларды, атап айтқанда, егер пәтер жалға беру немесе қайта сату үшін алынса, оны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде қарастыруды ұсынады.

«Тұрғын үй нарығына пәрменді реттеу тетіктері керек. Соның ішінде, азаматтардың бесінші, алтыншы және одан да көп пәтер жинауына тосқауыл қою үшін салық жүктемесін арттыру қажет. Бұл шара нарықтағы бағаның бірқалыпты сақталуына мүмкіндік береді», — деді Ләззат Ибрагимова.

Ресми статистикаға сәйкес,  сәуір айында Алматы мен Астанада үй бағасы қымбаттады. Сонымен қатар Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы баға динамикасы айтарлықтай парадокс пен өңірлердегі баға алшақтығын байқатып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз