Табыстан асып кеткен қарыз: несие бумы дағдарысқа әкеле ме?

Жарияланды 14 Мамыр 2026 16:48

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Банк Қазақстан экономикасына қатысты болжам жасады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының дамуына қатысты жаңа болжамын жариялады. Сарапшылардың пайымдауынша, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құраса, 2026 жылы көрсеткіш 4,6%-ға дейін бәсеңдеуі мүмкін.

Сонымен қатар биыл Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 88–100 доллар төңірегінде қалыптасады деген болжам бар.

Мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға тиімді

Таяу Шығыстағы шиеленістер салдарынан мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанның қаржы жағдайына оң әсер етпек.

Бұл фактор 2026 жылғы бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 1,3%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ағымдағы шот тапшылығы да төмендеп, ЖІӨ-нің 0,4%-ын құрайды деп болжанған.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шот тапшылығы 12,5 млрд доллар болса, 2024 жылы көрсеткіш 6,8 млрд долларды құраған еді.

Қазақстан әдетте тауарды сатып алғаннан қарағанда көбірек сататындықтан, елдің сауда балансы профицитпен қалыптасып келеді.

Халықтың мойнында қарызы көп

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан халқының қарыз жүктемесіне қатысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұған дейінгі баяндамасында да қазақстандықтар қарызға батып бара жатқанын жазған.

2025 жылдың соңына қарай халықтың қарыз жүктемесі жалақының 51%-ына жеткен. Яғни 2008–2009 жылдардағы банк дағдарысы алдындағы деңгейден де асып кетті.

2007 жылы АҚШ-та басталған ипотекалық дағдарыс қазақстандық банктер үшін сыртқы нарықты жауып тастаған болатын.

Сол кезде банктер сырттан алған қаражатты құрылыс пен баспана несиелеріне жұмсаған. Қазіргі таңда несие беру қарқыны халықтың қалтасына қысым түсіріп отыр.

Дүниежүзілік банктің құжатында көрсетілгендей, халықтың қарыз алу жылдамдығы табыстың өсуінен едәуір озып кеткен.

2020–2025 жылдар аралығында үй шаруашылықтарының нақты қарызы екі есеге жуық өссе, халықтың нақты табысы небәрі 16%-ға ғана артқан.

Әсіресе табысы төмен және еңбек келісімінсіз еңбек ететін, тұрақты жалақысы жоқ азаматтар үлкен қауіп тобында тұр.

Экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда, бұл ауыр қарыз жүгі әлеуметтік шиеленіске және банк активтері сапасының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.

Несие 25 трлн теңгеден асты

Халықтың қарыз жүктемесі бизнестің несие қоржынын басып озып, алшақтық жыл санап артып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын бизнес пен жеке тұлғалардың несие көлемі тең, яғни әрқайсысы шамамен 10 трлн теңгені құраса, қазір көрсеткіш айтарлықтай өзгерген.

Ұлттық банктің 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша есебіне сүйенсек, банк секторының халыққа берген несиесі 25 трлн теңгеге жетсе, бизнес секторындағы көрсеткіш 18,3 трлн теңге деңгейінде қалып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз