
Астанадағы құрылысына 14 жылдан аса уақыт кеткен жеңіл рельсті көлік (LRT) ақыры мамырдың ортасынан жолаушы тасымалдайтыны белгілі. Экономист Арман Батаев жобаны қаржыландыру үшін қомақты қарыз алынғанын, соны борыш алдағы уақытта тағы да қайта қаржыландырылуы мүмкін екенін жазады.
Қарыз тарихы қандай
Бұл жобаның құрылысы «City Transportation Systems» (CTS) компаниясы шығарған облигациялары есебінен жүргізіліп келеді. Қазіргі қарыз 460 миллион долларды құрап, 2027 жылдың қазан айында өтелуге тиіс.
Бұл – жаңадан алынған қарыз емес. 2019 жылы 520 миллион доллар көлемінде алғашқы несие (транш) алынған болатын. 2024 жылдың қыркүйегінде оның мерзімі аяқталған соң, компания қазан айында 460 миллион долларлық жаңа облигация шығарған.
Маманның пікірінше, ескі қарызды жаңа қарызбен жабу әдісі 2027 жылдың қазан айында, яғни қазіргі облигациялардың мерзімі біткенде қайта қолданылуы мүмкін.
Қарызды толық өтеудің орнына, оны жабу үшін жаңа бағалы қағаздар шығарылуы ықтимал.
«2027 жылдың қазанында 460 миллион долларды қайтару керек болғанда не болады? Оны тағы да қайта қаржыландыру ықтималдығы тым жоғары», – дейді Арман Батаев.
LRT жобасының бірінші желісінің жалпы құны шамамен 1,8 млрд долларды құрайды. Бұл қаражат Қытайдан Астана әкімдігінің кепілдігімен тартылған.
2025 жылы яғни жеңіл рельс көлік жүйесінің құрылысына барлығы 332,4 млрд теңге жұмсалған.
City Transportation Systems LLP құрылтайшысы – «Астана қаласының Көлік және жол‑көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
Жеңіл рельсті желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды, 18 станса қарастырылған. 652 жолаушыға арналған 19 пойыз іске қосылады. Қозғалыс аралығы – 4-5 минут, бастапқыда тәулігіне 25 мың адам тасымалданса, кейін бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін жетпек.