Алматы метросының Қалқаман бекеті құрылысына тағы 20,5 млрд теңге бөлінді

Жарияланды 15 Мамыр 2026 11:18

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Алматы метро құрылысы Қалқаман станциясы
Қазір Қалқаман бекетіне рельс төсеп жатыр / фото: Алматы әкімдігі

2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында Алматы метрополитенінің құрылысына 20,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің трансферттер туралы есебінде көрсетілді.

Қанша ақша жұмсалды

20 млрд 564 млн 498 мың теңге Бауыржан Момышұлы бекетінен Қалқаман бекетіне дейінгі құрылысын жүргізуге бөлінді. Құжатта мұндай жұмыс «Алматы метросының бірінші кезеңі екінші кезегінің үшінші кешені» деп сипатталды.

Қомақты ақшаны «BCN-Group» (бұрынғы «Bazis Construction») компаниясы игереді Бірнеше жыл бұрын «Қалқаман» бекетінің құрылысы үшін 47,7 млрд теңгенің келісім-шарты жасалғаны мәлім. Ал бекет құрылысының ресми бекітілген жалпы құны 67,8 млрд теңге.

Соның 28,6 млрд теңгесі 2025 жылы Ұлттық қордан аударылған. Биыл 20,5 млрд теңге бөлсе, 2024 жылы бар болғаны 2,3 млрд теңге төленген.

Метродағы бекеттер

Құрылысы сонау 1985 жылы басталған метрода қазір 11 бекет жұмыс істеп тұр. Жалғыз желідегі бекеттер: Райымбек батыр, Жібек жолы, Алмалы, Абай, Байқоңыр, Мұхтар Әуезов атындағы театр, Алатау, Сайран, Мәскеу, Сарыарқа және Бауыржан Момышұлы.

Ал Қалқаман бекеті 2026 жылдың аяғына қарай іске қосылады деп жоспарланған. Бекеттің негізгі құрылысы жазда толық аяқталуы тиіс. Қазір онда рельс төсеу, ішін әрлеу, қауіпсіздік жүйелерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Қалқаман ашылған соң, метрополитенде Барлық базарына қарай тағы үш бекеттің құрылысы басталады. Үкімет оған шамамен 450 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз