2026 жылы LRT құрылысына тағы 66,7 млрд теңге бөлінді

Жарияланды 15 Мамыр 2026 12:58

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстан тарихындағы ең қымбат жобалардың бірі – Астана LRT құрылысы / коллаж: Kursiv.Media

2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында Астана қаласындағы LRT құрылысына 66,7 млрд теңге бөлінді. Мәлімет Қаржы министрлігінің трансферт туралы есебінде көрсетілді.

Тағы ақша құйылды

Жыл басынан бері Астана қаласының бюджетіне LRT құрылысы үшін екі мәрте қаражат аударылған. Әуелі 16,7 млрд теңге «ағымдағы бағдарламалар» бойынша, содан кейін тағы 50 млрд теңге «даму бағдарламалары» аясында трансферленген. Төрт айдың ішінде барлығы 66,7 млрд теңге бөлінген.

Қаражат LRT көлік жүйесінің әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаскесіндегі құрылысына жұмсалды.

Өзін ақтамайтын жоба

Астанадағы LRT құрылысы бюджет қаражатын жымқыру, сыбайлас жемқорлыққа қатысты дауларға толы. Жоба сонау 2011 жылы қолға алынған. Алайда көп уақыт өтпей қомақты қаражат – 5,8 млрд теңге қолды болған.

«Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан сырттай 9 жылға, ал қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды. Түркияда ұсталған Арданды әлі Қазақстанға экстрадициялаған жоқ.

15 жылдан бері үкімет LRT құрылысына шамамен 1,8 млрд доллар жұмсады. Қазақстан тарихындағы ең шығыны көп жобалардың біріне айналған құрылыс өзін-өзі ешқашан ақтамайды.

Елордада жолаушы қатынасын жеңілдетуі тиіс көлік желісі биыл 16-17 мамырда, яғни демалыс күндері ашылады. Жол әуежай мен теміржол вокзалын жалғастырады. 22,4 шақырымға созылып жатқан желіде барлығы 18 бекет бар.

Сондай-ақ оқыңыз