
Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммиттінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев облыс және қала әкіміне «тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді» тапсырған. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жазады.
Мемлекет басшысы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараға жан-жақты дайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірген.
«Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті», – делінген хабарламада.
Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген.
Сондай-ақ осы форумды ұйымдастыруға атсалысқан әкімдік пен мемлекеттік мекемелер, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, коммуналдық қызмет жұмысшылары, еріктілер, сондай-ақ басқа да белсенділер мемлекеттік наградалар, құрмет грамоталары және алғыс хатпен марапатталады.
15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитті өткен. Осы жиында президент түркі елдерін бірлікке үндеді.