
Танымал продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов Алматы қаласында өтуі тиіс болған мерейтойлық концертінің неге кейінге шегерілгенін түсіндірді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жасап, бұл шешімге денсаулық жағдайы мен дәрігерлердің талабы себеп болғанын айтты.
Қыдырәлі Болмановтың сөзінше, Республика сарайында өтуі тиіс кешке 3,5 мыңға жуық көрермен билет сатып алған. Ұйымдастырушылар концертті тоқтатпай, әншіні креслоға отырғызып қойып өткізу туралы да ұсыныстар айтқан екен. Бірақ өнер иесі бұған намысы жібермегенін жеткізді:
«Өмір бойы шапқылап, екі аяғымен жүрген адамға креслода отырып, қозғалмай сахнада ел алдында ән айту өте ыңғайсыз, тым күрделі әрі қиын екен. Сіз де, біз де темірден жаралған жоқпыз және әрқашан намысты, ұятты алға тартамыз да, Алланың аманатқа берген денсаулығын бәрінен кейінге, артқа ысыра саламыз ғой көп жағдайда. Ең басты себеп – дәрігерлерімнің рұқсат етпеуі. Бір ауыз сөз», – деп жазды ол.
Республика сарайының кестесі өте тығыз болғандықтан, концертті жақын күндерге ауыстыру мүмкін болмаған. Шара тура бір айға кейінге шегеріліп, 18 маусымға белгіленді. Әнші жанкүйерлерін көп күттірмейтінін және сахнаға бұрынғыдан да қуатты болып оралатынын айтып, уәде берді.
Бұған дейін желіде Қыдырәлі Болмановтың ЖИ арқылы жас қызбен сүйісіп тұрған видеосы тарап, Қарақаттың ашуына тиген еді. Жұлдызды жұп бұндай видео авторларын жауапқа тарту керектігін айтты.