Бурак Өзчивиттен озған: Азат Сейтметов қалай «Халық әртісі» атанды

Жарияланды 22 Мамыр 2026 09:14

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: instagram

Өнер қонған әулеттің шамшырағы, қазақ театр және кино өнерінің майталманы Азат Сейтметов президенттің қолынан «Қазақстанның Халық әртісі» жоғары атағын алды. Осы бір тарихи сәтте актердің қызы, танымал блогер әрі актриса Айым Сейтметова әлеуметтік желіде әкесінің жүріп өткен қиын бірақ жеңіске толы өнер жолы туралы жүрекжарды естелігін бөлісті.

Өнермен өрілген тағдыр

Азат Сейтметовтің өмір жолы бастан-аяқ шығармашылықпен тығыз байланысты. Оның әкесі де Райымбек Сейтметов актер, Қазақ КСР-нің Халық әртісі.

Дегенмен, танымал тұлғаның баласы болу – үлкен жауапкершілік пен ауыр жүк.

«Менің атам актер, режиссер әрі жазушы болған адам. Сол себепті де әкемді әрдайым атамызбен салыстыратын, оның шығармашылық жолы ешқашан оңай болған жоқ», – деп ағынан жарылды Айым.

Қырық жылға жуық уақытын театр мен киноға арнаған актердің еңбегі бірден жана қойған жоқ. Тіпті 40 жасқа толғанға дейін талантын толық ашып, қалың көрерменге танытатын сол бір үлкен, басты рөлі бұйырмаған еді. Алайда, Азат Сейтметов ешқашан мойымады, мамандығына деген адалдығын жоғалтпады. Актерлік өнердің табысы аз, қиындығы мол кезеңдерінде де отбасы мен бала-шағасынан ештеңе аямай, бәрін өзі арқалап келді.

«Әке» телехикаясы және Сеулдегі марапат

Азат Сейтметовтің бағын ашып, шығармашылығын жаңа белеске көтерген жоба – «Qazaqstan» ұлттық арнасында жарық көрген «Әке» телехикаясы болды. Бұл рөл оның бойындағы сан жылдар бойы жинақталған ішкі қуат пен шынайы талантты сыртқа шығарғандай болды.

Телехикая халықаралық сарапшылардың да жоғары бағасына ие болды. Сеулде өткен беделді Seoul International Drama Awards халықаралық байқауында бақ сынап, әлемдік деңгейде мойындалды. Осы номинацияда отандасымыз әлемге танымал түрік актері Бурак Өзчивитті артқа тастап, «Үздік актер» (Best Actor) марапатын жеңіп алған еді.

Атаққа лайық қарапайымдылық

Қызының айтуынша, осындай үлкен халықаралық табыстар мен мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға қарамастан, Азат Сейтметов өмірде өте қарапайым әрі жүрегі жылы жан күйінде қалды. Ол отбасында арқа сүйер асқар тау әке, немерелеріне үлгілі ата.

«Әкем, сен бұл марапатқа әбден лайықсың. Сенің қызың болғанымды әрқашан мақтан тұтамын! Бүкіл жетістіктеріне қарамастан, әкем мен білетін ең мейірімді, ең қарапайым адам болып қала береді», – деп жазды Айым Сейтметова сүйіспеншілікпен.

Еске сала кетейік, 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнін орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәдениет қызметкерлерін марапаттаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз