
26 мамырда KASE биржасында доллардың максималды құны 481,97 теңгеге дейін көтерілді. Сейсенбідегі USD/KZT жұбының сауда-саттығы – 460 млн доллардан асты. Осылайша, бүгінгі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 480,20 теңгемен аяқталды. Дүйсенбі, 25 мамырға қарағанда доллар (+7,24) теңгеге қымбаттады.
Алматы мен Астана қалаларындағы айырбас орындары долларды 476-477 теңгеден қабылдап, 480-482 теңгеден сатып жатыр.
Теңге неге құнсызданды?
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың пікірінше, салық апталығы аяқталып, теңгеге қысым артты деп түсіндіреді.
2026 жылдың 1 тоқсанындағы салық апталығы аяқталып, теңгеге қысым түсе бастаған. Жақында ғана 458 болған бағам бүгін 480 теңгеден асты. Әдетте бұл кезеңде теңге нығаюы керек еді, бірақ импорт пен демалыс маусымына байланысты долларға сұраныс артып, теңге 470 шамасында тұрақтады.
Тым мықты теңге бюджетке қиындық тудырады. Себебі бюджет 1 долларға 540 теңге бағамымен жоспарланған, ал бірінші тоқсанда орташа бағам 497 теңге (жоспардан 8% төмен) болды. Негізгі салықтар валюта бағамына тікелей тәуелді болғандықтан, бюджеттің орындалуына кері әсер етеді. Алайда 1 тоқсандағы металл бағасының жоғары болуы тапшылықтың орнын толтырмақ.
Жалпы алғанда, қаржыгердің пікірінше, теңгенің негізсіз нығаюы отандық экспорт пен саудаға зиян.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жазғы уақытта шетел валютасына сұраныс артатынын алдын ала ескерткен.