
Қазатомөнеркәсіп 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады.
Компания директорлар кеңесінің ұсынысы негізінде және қолданыстағы дивидендтік саясатқа сәйкес, акционерлер еркін ақша ағынының 75%-ын құрайтын 335,2 млрд теңгені дивиденд ретінде үлестіруді мақұлдады. Осылайша, бір жай акцияға немесе бір жаһандық депозитарлық қолхатқа (ЖДҚ) шаққандағы төлем мөлшері 1 292,27 теңгені құрайды.
Тіркеу және экс-дивидендтік күндер
Дивиденд алушылардың тізілімін тіркеу күні жай акциялар үшін 2026 жылғы 27 шілде жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-ге белгіленді. ЖДҚ ұстаушылары үшін бұл күн 2026 жылғы 24 шілде болып айқындалды. Халықаралық қор биржаларындағы (LSE және AIX) сауда-саттық режимін ескере отырып, экс-дивидендтік күн 2026 жылдың 23 шілдесі деп белгіленді.
Төлем тәртібі мен валютасы
Қаражатты акционерлердің банктік шоттарына аудару процесі 2026 жылғы 28 шілдеден бастау алады. Төлемдер жай акциялар бойынша ұлттық валюта – теңгемен жүзеге асырылса, ЖДҚ иелеріне тиесілі сома АҚШ долларымен беріледі. ЖДҚ бойынша есеп айырысу қаражатты Citibank, N.A. депозитарий банкіне аудару күніндегі Ұлттық Банктің ресми бағамы бойынша жүргізіліп, халықаралық депозитарлық жүйелер арқылы инвесторларға жеткізіледі.
Еске сала кетейік, Қазатомөнеркәсіп компаниясының акциялары 21 мамырдағы жағдай бойынша бір айда 22,3 пайызға құлдырады.