Трамптың рейтингі құлдырап жатыр. Басты себеп неде

Жарияланды 29 Мамыр 2026 07:45

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
Дональд Трамп / фото: gemini AI

Дональд Трамптың билікке келгеніне 493 күн болды. Қазір оны халықтың 34%-ы қолдаса, 58%-ы қолдамайды (6%-ы нақты шешім қабылдамаған). Өткен аптадан бері рейтингі түсіп, ол 2009 жылдан бергі танымалдылығы ең төмен президент атанды. Таза қолдау рейтингі -24-ті құрайды. Яғни, -24 деген көрсеткіш Трампты қолдамайтындардың үлесі қолдайтындарға қарағанда 24 проценттік пунктке көп екенін білдіреді.

Ирандағы соғыс оның сыртқы саясаттағы беделін түсіргенімен (-20), басты мәселе экономикада. Халықтың 75%-ы экономиканы «орташа» немесе «нашар» десе, 63%-ы жағдай ушығып барады деп санайды. Бұл қарашадағы сайлауда республикашылдарға зиянын тигізуі мүмкін. Демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алуы ықтимал (90% мүмкіндік), ал Сенат тағдыры әлі белгісіз.

Жанармай бағасы да әсер етті

Трамптың инфляциямен күрес рейтингі -43-ке дейін құлдырады. Бұл таңқаларлық емес. Иранмен соғысқа дейін 3 доллардан арзан болған бензин қазір 4,48 доллар тұрады.

Халық үкіметтің экономикалық көмек туралы уәделеріне күмәнмен қарайды. The Economist дерегінше, Трамптың рейтингі демократтар штаттарында өте төмен, ал оны 2024 жылы қолдаған штаттардың өзінде наразылық артып келеді. Бұл – биылғы аралық сайлаудағы республикашылдар үшін үлкен дабыл.

Қолдаушылар тобы және қоғамдағы басты мәселелер

Трампты негізінен ақ нәсілді сайлаушылар мен ер адамдар қолдайды. Ал жастар, этникалық азшылық өкілдері, жоғары білімді азаматтар, тіпті республикашылдардың негізгі тірегі саналатын зейнеткерлер де бұл жолы оған суық қарауда. Қоғамдағы басты мәселелер де екіге бөлінген: Трампты қолдайтын республикашылдар үшін иммиграция, салық және мемлекеттік шығындар маңызды болса, демократтарды денсаулық сақтау мен климаттың өзгеруі көбірек толғандырады.

Еске сала кетейік, 28 мамыр АҚШ пен Иран қақтығысына дәл 3 ай толды.

Сондай-ақ оқыңыз