
Bloomberg басылымының мәліметінше, Қазақстан экономиканы тек қазба байлыққа байлап қоймай, болашақтың технологияларына, оның ішінде жасанды интеллектіге (ЖИ) үлкен үміт артып отыр. Үкімет бұл саланы ұлттық деңгейдегі басымдық деп жариялады. Осы мақсатта үкіметтің қақ ортасынан жасанды интеллект және цифрлық қызметтерге жауапты арнайы министрлік құрылды. Бұнымен қоса, әрбір министрлікте тек цифрландыруға жауап беретін жеке орынбасар тағайындау міндеттелген.
ASTANA – жаңа технологиялар орталығы
Елдегі цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жасанды интеллект мектеп бағдарламасына толығымен енгізілді. Мұндағы негізгі мақсат – 100 мың цифрлық инженер дайындап, 1 миллион азаматты ЖИ саласында жұмыс істеуге үйрету.
Ал ASTANA қаласындағы ЭКСПО аумағында орналасқан Astana Hub инновациялық кампусы нағыз технологиялық экожүйеге айналып үлгерді. Басылымның жазуынша, мұнда 2000-нан астам стартап бар, олардың төрттен бірі – шетелдік компаниялар. Оларды салықсыз режим, «цифрлық көшпенділерге» арналған виза мен ең бастысы — ЖИ модельдерін оқытуға арналған екі бірдей қуатты суперкомпьютерге тегін қол жеткізу мүмкіндігі қатты қызықтырып отыр.
Электронды үкімет және арзан энергия
Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша қазірдің өзінде Эстония деңгейіне жетіп қалды. БҰҰ-ның 2024 жылғы рейтингінде ел 193 мемлекеттің ішінде 24-орынға, ал онлайн-қызметтерді ұсыну бойынша 10-орынға тұрақтады. Қағаз құжат жинап, министрліктердің табалдырығын тоздыратын заман артта қалды, қазір бәрі смартфонда.
Сонымен қатар, Bloomberg атап өткендей, инфрақұрылымға да үлкен инвестиция құйылуда. Қазақстандағы электр энергиясының бағасы Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда арзан болғандықтан, бұл болашақта әлемдік алып дата-центрлерді тартуға керемет коммерциялық артықшылық бермек.
Алғашқы жемісін берген цифрландыру
Цифрландыруға жасалған бұл екпін қазірдің өзінде нақты нәтиже көрсетіп жатыр. Мәселен, бейне генерациялайтын Higgsfield жасанды интеллект платформасы Қазақстанның алғашқы «юникорны» (бағасы миллиард доллардан асатын стартап) атанды.
Ал Freedom Bank үкіметтің цифрлық қызметтерін ұтымды пайдалану арқылы небәрі бес жыл ішінде жаңа ипотекалық несиелердің тең жартысын иеленіп алды. Олардың инновациялық супер-қосымшасы арқылы несиені 24 сағатта рәсімдеуге, сондай-ақ азық-түлікке тапсырыс беруден бастап мемлекеттік қызметтерді алуға дейінгі барлық шаруаны бір жерден тындыруға болады.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың төрт айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6%-ға өсті