«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Жарияланды 1 Маусым 2026 11:23

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
«Алматы жасатары» бағдарламасына құжат қабылдау / фото: gemini AI

Биылғы жаз алматылық көптеген жастар үшін баспана мәселесін түпкілікті шешудің мүмкіндігіне айналмақ. «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусымнан басталды.

Бағдарламаның экономикалық портреті

«Алматы жастарының» – нарықтағы өзге ипотекалық өнімдермен салыстырғанда шарты жақсы. Жылдық мөлшерлеме 5%-ды құраса, несие мерзімі 25 жылға дейін созылады. Ең жоғарғы сома 20 млн теңгеге дейін жетеді. Мұның басты шарты – бастапқы жарна ретінде «Отбасы банкінде» пәтер құнының кемінде 10%-ын жинақтап үлгеру. Егер қарапайым есепке жүгінсек: 20 млн теңгелік займ кезінде ай сайынғы төлем 120 мың теңге шамасында болады. Әрине, сома отбасылық бюджет пен несие мерзіміне байланысты өзгеруі мүмкін, алайда бұл – жалдамалы пәтер үшін төленетін қаражатты жеке мүлікке айырбастаудың ең ұтымды жолы.

Кімдер қатыса алады және талаптар қандай?

Бағдарламаның нысаналы аудиториясы – белгілі бір салаларда істейтін 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жастар. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет саласындағы мамандар – осы тізімнің негізгі кейіпкерлері.

Дегенмен іріктеу қатаң жүреді: Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде тұру және соңғы 5 жыл ішінде өзіңізде немесе отбасы мүшелеріңізде меншікті баспана болмауы шарт. Сондай-ақ соңғы 6 айдағы үздіксіз еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдары – «Алматы жастары» ипотекасына лайықты екеніңізді дәлелдейтін басты дәйек.

«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының артықшылығы

Бағдарламаға өткен жылы өзгеріс енгізіліп, енді «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының қатысушылары да үйлі бола алады. Егер сіз қазір мемлекеттік жалға берілетін пәтерлерде тұрып жатсаңыз, «Алматы жастарына» қатысу мүмкіндігіне иесіз. Бұл жердегі жалғыз және басты талап – коммуналдық төлемдер мен жалдау ақысы бойынша берешектің болмауы. Айта кетерлігі, бұл санаттағы қатысушылар үшін 35 жасқа дейінгі шектеу де жойылған, бұл – үлкен мүмкіндік.

Тұрғын үй нарығындағы таңдау

Бағдарламаның икемділігі – пәтерді таңдау еркіндігінде. Қаласаңыз, екінші нарықтан үй алуға болады. Десе мұнда Отбасы банкінің өзіндік талаптары барын ескерген жөн.

Оқи отырыңыз: Қандай үйлер ипотекаға жарамайды

Техникалық талаптар және өтінім беру алгоритмі

Өтінім беру процесі толығымен цифрландырылған. 2026 жылдың 1 маусымынан 15 маусымына дейін kezekte.kz порталы арқылы өтінім қалдыруға болады. Сайттың мәліметінше ЭЦҚ кілтін дайындап, барлық құжатты (жұмыс орнынан анықтама, еңбек өтілін растайтын құжаттар, әскери билет, «Отбасы банкіндегі» есепшот жағдайы) PDF форматында жүктеу керек. Әр құжаттың мерзімі 10 күннен аспауға тиіс екенін ұмытпаған жөн.

Еске сала кетейік, KursivMedia жазда тұрғын үй нарығын қандай өзгерістер болатынан талдады

Сондай-ақ оқыңыз