Ипотека пайызын төмендету кейінге шегерілді: ереже 2027 жылы күшіне енеді

Жарияланды 5 Маусым 2026 17:15

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Ипотека мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету 2027 жылға ауыстырылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету мерзімі 2027 жылға шегерілді. Бұған дейін бұл норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс еді. Тиісті жобаны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады.

Тиісті түзетулерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк әзірледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемін белгілеуде сараланған тәсіл енгізіледі. Бұл тәртіп несие сомасы мен кепіл мүлкінің құны арасындағы арақатынасты көрсететін LTV коэффициентіне байланысты болады.

LTV көрсеткіші ипотекалық несие сомасының кепілге қойылатын мүлік құнына қатынасын білдіреді және ипотекалық несие бойынша тәуекелді бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады. Ол сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үй құнының қанша бөлігі несие есебінен төленетінін көрсетеді әрі қарыз алушының бастапқы жарнасының көлеміне байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, LTV мәні соғұрлым төмен болады, сәйкесінше қарыз үлесі мен ипотекалық несиенің тәуекел деңгейі де азаяды.

Мысалы:

  • LTV 0.7-ге дейін (қоса алғанда) – СЖТМ 20%;
  • LTV 0.7-ден жоғары – СЖТМ 25%.

LTV = 0.7 дегеніміз – несие үй құнының 70%-ын құрайды деген сөз.

«Осылайша, тұрғын үй құнының кемінде 30%-ын бастапқы жарна ретінде төлейтін қарыз алушылар ипотекалық тұрғын үй несиелерін төменірек мөлшерлемемен ала алады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша шекті мөлшерлеме қолданыстағы деңгейде – 25% болып сақталады.

Еске салсақ, осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк 2026 жылдың 1 шілдесінен ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтінін хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз