Былапыт сөз айтқан: рэпер Nurik Smit-ті кісендеп, полицияға жеткізді (видео)

Жарияланды 6 Маусым 2026 14:36

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Рэпер Нурик Смит
Еркіндікті жақсы көретін жас әншінің әрекеті полиция назарына ілікті / фото: Instagram/Nurik Smit

Танымал хип-хоп орындаушы, рэпер Нұрғиса Әнуарбеков сахнада былапыт сөз айтқаны үшін ұсталды. Оны көпшілік Nurik Smit лақап атымен таниды.

Рэпер тағы дауға ұшырады

Нурик Смиттің ұсталғаны туралы мәліметті Алматы қалалық полициясы хабарлады. Құзырлы орган таратқан видеодан кісенделген әншіні полиция бөлімшесіне алып бара жатқанын көруге болады.

Полиция мәліметінше, рэпер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ұсталған. Оның қылмысы әлеуметтік желілерде тараған видеоны тексеру барысында анықталған.

«Сахнада өнер көрсеткен азаматтың былап сөздер айтқаны, сол арқылы қоғамдық орындарда өзін ұстау тәртібін бұзғаны анықталды», – деп таратты полиция.

Қоғамдық тәртіпті бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған рэперге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.

Полиция қоғамдық тәртіпті сақтау азаматтардың бәріне ортақ екенін ескертті.

Дауға қалып жүреді

Нурик Смит бұған дейін де сахнада бейәдеп сөз айтқаны үшін көзге түскен. 2022 жылы ол Ақтөбе қаласындағы концертте ішімдік ішіп, сахнада былапыт сөз айтып, бейәдеп әрекеттер жасаған. Кейін осы қылығы үшін көпшіліктен кешірім сұрап құтылған.

Нұрғиса Әнуарбеков 1997 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Ол Newton бойз-бендінің мүшесі ретінде танылды. Алайда рэпер 2019 жылы осы топтан бөлініп шығып, Nurik Smit лақап атымен жеке шығармашылық бастады.

Сондай-ақ оқыңыз