Алматы зообағында құйрықты лемур егіз туды

Жарияланды 6 Маусым 2026 17:54

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Алматы зообағында лемул егіз туды
Құйрықты лемурлар Мадагаскар аралын ғана мекендейді / фото: Алматы әкімдігі

Алматы хайуанаттар бағында сирек жануарлардың бірнеше жұбы төлдеді. Құйрықты лемур егіз туса, аққол гиббон да зообақтағы маймылдар санын көбейтті.

Қос жұп егіз туды

Мекеме қызметкерлері әсіресе сақиналы құйрықты лемурлардың екі жұбында бірдей егіз төлдің тууын «ерекше оқиға» деп атап өтті. Алматы әкімдігінің мәліметінше, төлдер 6 және 17 наурызда туған. Қазір енесімен бірге мамандардың тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, лемурлар Мадагаскар аралында, сонымен бірге оған жақын орналасқан Комор аралдарында ғана тіршілік етеді. Мадагаскар құрлықтан миллиондаған жылдар бұрын бөлініп қалғандықтан, лемурлар өз бағытымен дамып, қазіргі күнге дейін жеткен.

Алматы зообағындағы гиббон
Гиббондар әулеті өсіп-өніп жатыр / фото: Алматы әкімдігі

Гиббон төлдеді

Бұған қоса 6 наурызда аққол гиббон туды. Ол Алматы хайуанаттар бағында бірнеше ұрпақ бойы жалғасып келе жатқан гиббондар әулетінің жаңа өкілі.

Төлдің әкесі Джим мен әжесі Джулия да осы зообақта туған. Ал оның арғы атасы Табинді хайуанаттар бағының тұрақты келушілері мен қызметкерлері жақсы таниды.

«Сирек жануарлардан төл алу – хайуанаттар бағында қолайлы жағдай жасалғанының айқын көрінісі. Бұл олардың генетикалық әртүрлілігін сақтауға және сирек түрлерді қорғауға да ықпал етеді», – деп таратты әкімдік.

Күн жылынған соң жануарлар жазғы қоршауға шыға бастады. Енді келушілер олардың табиғи ортаға барынша жақын жағдайда тіршілік етуін тамашалай алады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл наурызда Алматыда зообағында үш амур жолбарысы дүниеге келген.

Сондай-ақ оқыңыз