
Каспий өңіріндегі екі ірі мұнай өндіруші ел – Қазақстан мен Әзербайжан соңғы 15 жылда екі түрлі бағытпен жүрді. EnergyAnalytics мәліметінше, 2010–2025 жылдары екі елдің жалпы мұнай өндірісі қатты өзгермеген: 2010 жылы шамамен 131 млн тонна, 2025 жылы шамамен 128 млн тонна болды.
Бірақ осы тұрақты көрінетін санның ішінде үлкен өзгеріс бар. Әзербайжанның үлесі азайып, Каспийдегі мұнай салмағы барған сайын Қазақстан жағына ауысты.
Әзербайжан неге төмендеді?
EnergyAnalytics мәліметінше, Әзербайжан 2010 жылы шамамен 51 млн тонна мұнай өндірген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 28 млн тоннаға дейін түсті.
Яғни ел жылына 23 млн тоннаға жуық өндірістен айырылды. Бұл 2010 жылғы деңгейден шамамен 45% төмен.
Негізгі себеп – кен орындарының ескіруі. Әзербайжан өндірісінің негізгі бөлігін ұзақ уақыт ACG блогы қамтамасыз етті. Бірақ уақыт өткен сайын оның әлеуеті төмендей бастады.
Қазақстан қалай өсті?
Қазақстанда жағдай керісінше болды. 2010 жылы ел шамамен 80 млн тонна мұнай өндірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 млн тоннаға жетті.
Өсім бірқалыпты болған жоқ. 2020–2021 жылдары пандемия мен ОПЕК+ шектеулері әсер етті. Бірақ ұзақ мерзімде Қазақстан позициясын күшейтті.
Бұған Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі жобалар ықпал етті. Әсіресе 2016 жылдан кейін серпін байқалды: өндіріс 78 млн тоннадан 2017 жылы 86 млн тоннаға өсті.
Айырмашылық қатты ұлғайды
2010 жылы Қазақстан Әзербайжаннан шамамен 1,6 есе көп мұнай өндірді. 2025 жылы айырмашылық 3,6 есеге дейін өсті.
Екі ел арасындағы алшақтық та айқын көрінеді: 2010 жылы айырма 29 млн тонна болса, 2025 жылы 72 млн тоннаға жетті.
Бұл тек Қазақстанның өскенін емес, Әзербайжан өндірісінің төмендегенін де көрсетеді. Нәтижесінде Каспий өңіріндегі мұнай өндірісінің негізгі салмағы Қазақстанға ауысты.
Бұл неге маңызды?
Бұл өзгеріс экспорт бағытына, құбыр жүктемесіне және бюджет кірісіне әсер етеді. Қазақстан үшін 100 млн тоннаға жуық өндірісті сыртқы нарыққа тұрақты жеткізу маңызды.
Сондықтан балама маршруттарға сұраныс артып келеді. Әсіресе Каспий арқылы Әзербайжанға, одан әрі Баку–Тбилиси–Джейхан бағытымен тасымалдау өзекті бола түсті.
Ал Әзербайжан үшін Қазақстан мұнайы – транзиттік инфрақұрылымды көбірек жүктеудің мүмкіндігі. Өз өндірісі азайған сайын, Баку үшін сырттан келетін мұнай ағыны маңызды бола береді.
Айта кетейік, Каспий құбыры арқылы жыл басынан бері 25,95 млн тонна мұнай жөнелтілді