Банктен кредит алу қиын: халық ломбардтардан қарыз алуға көшкен

Жарияланды 9 Маусым 2026 12:57

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Коллаж: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Банктен кредит алу қиындап, борышкерге қойылатын талап қатаңдағандықтан халық қолда бар алтыны мен техникасын өткізіп, ломбардтан қарыз алуға көшкен.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, 2026 жылдың І тоқсанында халық микроқаржылық қызмет көрететін ұйымдардан 1,4 трлн теңге қарыз алған. Өткен жылмен салыстырғанда борыш көлемі 5,4 пайызға өсті.

Соның ішінде жыл басынан бері ломбардтар берген қарыз бірден 15,3 пайызға артты. Ломбардқа көбіне алтын өткізетіндіктен, бағалы металл құнының қымбаттауы да әсер етуі ықтимал.

Жалпы микроқаржылық қызмет атқаратын мекемелердің несие портфелі 3,1 трлн теңгені құрайды. Оның 1,4 трлн теңгесі халықтың қарызы болса, 1,7 трлн теңгесі – кәсіпкерлердің алған борышы.

Жалпы борыштың ішінде 4-5 пайызы уақтылы төленбей, үш ай бойы кешіктіріліп жатыр.

Жыл басынан бері тұтынушылық несие берерде қарыз алушыға қойылатын талап қатаңдаған. Атап айтқанда  банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз бермес бұрын, клиенттің қарыз жүктемесін есептеуге міндетті. Кейінгі үш айда кредитін кешіктіріп төледі ме, қайта құрылымдады ма, отбасында қанша адам, табысы қандай – бәрі ескеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз