Өтекешова, Қожа, Құлмурзин: Шоқан туралы фильмге кім түсетіні мәлім болды (фото)

Жарияланды 9 Маусым 2026 13:11

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Шоқан Уәлиханов рөлін актер Ерлан Құлмурзин сомдайды
Шоқан Уәлиханов рөліне Ерлан Құлмурзин бекітілді / фото: Instagram/Maya Bekbayeva, сурет ЖИ көмегімен өңделді

Қазақтың біртуар ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильм түсіріледі. Тарихи фильмдегі басты рөлдерді кімдер сомдайтыны анықталды. Олардың арасында Бақтияр Қожа, Меруерт Өтекешова сынды жұлдыздар бар.

Танымал тележүргізуші әрі режиссер Майя Бекбаева тағы бір деректі фильм түсіруді қолға алды. Жақында ол Шоқан туралы зерттеуде басты рөлдерді кімдер сомдайтынын жариялады.

Шоқан Уәлиханов образы

Кастингке қатысқан адамдар ішінде Шоқан рөліне жас актер Ерлан Құлмурзин бекітілді. 28 жастағы жігіт бұған дейін «Сәлем, Еуропа!», «Қара қыз» фильмдеріне түскен.

Ол Шоқан образын сомдау үшін кастингтен өткен сәтте түскен суреттерді әлеуметтік желілерге жариялады:

Шоқан Уәлиханов рөлін актер Ерлан Құлмурзин сомдайды
Шоқан рөлін сомдайтын жас актер / фото: Yerlan Kulmurzin
Шоқан Уәлиханов рөлін актер Ерлан Құлмурзин сомдайды
Ерлан Құлмурзин онлайн-кастингтен өтті / фото: Yerlan Kulmurzin

Әлеуметтік желілердегі көпшілік Ерлан Құлмурзинді Шоқанға қатты ұқсатты. Алайда оны актер Сағи Әшімовпен салыстырып, Ерланға оған жету қиын екенін меңзейтіндер де жоқ емес.

Шыңғыс пен Айғаным образдары

Бекбаева жариялаған мәлімет бойынша, Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов рөлін танымал актер Бақтияр Қожа сомдайды. Ал ғалымның әжесі Айғаным образын Меруерт Өтекешова жеткізеді. Салтанат Бақаева болса анасы Зейнеп рөлінде ойнайды. Жас Шоқан рөліне Әбілмансұр Оралбаев бекітілген.

Шоқан Уәлиханов туралы фильмге түседі
Бақтияр Қожа мен Меруерт Өтекешова Шоқан туралы фильмге түседі / фото: Instagram/Maya Bekbayeva

Соған қарағанда, деректі фильмде біртуар ғалымның өмірбаяны толық дерлік қамтылады. Бекбаева өзі армандаған топты жасақтай алғанына қуанды.

«Достар, фильміміздің басты актерлерін назарыңызға ұсынамын. Армандаған топ жасақтай алдық деп ойлаймын. Мен өте бақыттымын. Дарынды адамдардың бәрі бір жобада кездеседі», – деп жазды Майя Бекбаева Instagram-дағы парағына.

Ол жұлдызды құрамды онлайн-кастинг көмегімен жинағанын айтты.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835–1865) – ұлы қазақ ғалымы, зерттеуші, саяхатшы, тарихшы және этнограф.

1984 жылы «Шоқан Уәлиханов» деп аталатын 4 сериялы көркемфильм жарыққа шықты. Оны актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов түсірді. Фильмде Шоқан рөлін танымал актер Сағи Әшімов сомдады.

Сондай-ақ оқыңыз