
Бірнеше жыл бойы тұрақты өсіп келген табиғи газ өндіру көлемі биыл айтарлықтай төмендеді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында 8 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз.
Халық үшін табиғи газ бағасы өсуін жалғастырып жатыр. 2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша тарату желілері арқылы жеткізілетін газ бір жыл ішінде 15%-ға қымбаттады. Айта кетерлігі, дәл осындай өсім былтыр да тіркелген.
Газ бағасы ең көп қымбаттаған өңірлер
2026 жылғы мамырда 2025 жылғы мамырмен салыстырғандағы өзгеріс
EnergyProm мәліметінше биыл газ бағасы Солтүстік Қазақстан облысында қатты өскен. Онда баға 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда бірден 63%-ға көтерілген.
Сондай-ақ Атырау облысында 43%-ға, Қызылорда облысында 21%-ға қымбаттады. Кейбір өңірлерде өсім біршама баяу болды. Ал Ақмола облысында газ бағасы бір жыл ішінде өзгермеген.
Тариф өскеніне қарамастан, Қазақстан табиғи газ ең арзан елдердің бірі болып отыр. 2025 жылдың қыркүйегіндегі дерек бойынша, әлемде үй шаруашылықтары үшін табиғи газдың орташа бағасы 1 кВт·сағатқа 0,086 долларды құраған. Ал Қазақстанда 2026 жылдың сәуіріндегі қолданыстағы тарифтер негізінде есептегенде бұл көрсеткіш шамамен 0,007 долларға тең.
Айта кетейік, бұған дейін коммуналдық тарифтер бір жылда қанша пайызға өзгергенін жазғанбыз.