
Алматыдағы LRT құрылысына 61,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы қала әкімдігінің экономика және қаржы басқармасы басшысы Бауыржан Құдайбергенов айтты.
Мәслихат депутаттары қаланың 2026-2028 жылғы бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесін қарап жатыр. Соған сәйкес қаладағы қоғамдық көлік жүйесін дамытуға қосымша 92,7 млрд теңге бөлінеді.
«Қоғамдық көлік жүйесіндегі негізгі жобалардың бірі – LRT құрылысы. Оны іске асыруға 61,4 млрд теңге көзделген. Ұзындығы 18,3 км болатын LRT жобасының бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады», – деді Құдайбергенов.
Айта кетейік, Алматыдағы LRT желісі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін, әрі қарай Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.
Бұған дейін LRT желісін салу мақсатында жер телімдерін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару басталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылғы 26 наурызда тиісті қаулыға қол қойды.