Қазақстан құрамасының ойыншысы Франция чемпионатының топ-клубына ауысты

Жарияланды 10 Маусым 2026 23:20

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Алан Курмангалиев, настольный теннис, сборная Казахстана
Қазақстан құрамасының ойыншысы Франция чемпионатының топ-клубына ауысты / Фото: ҮТФ

Үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Алан Құрманғалиев Францияның бес дүркін чемпионы «Аннебонмен» келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Үстел теннисі федерациясы.

Федерация мәліметінше, франциялық клубпен келісім бір жылға есептелген. Маусым қыркүйек айының ортасында басталады. Алан команда сапында дебют жасай алады.

«Келіссөздер ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Бұл процесс бір аптадан сәл астам уақытты алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселелерді тез талқылап, келісімге келу мүмкін болды», – деп келтірді Құрманғалиевтің сөзін баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Аннебон» Франция чемпионатының элиталық дивизионында (про-лига) өнер көрсетеді. Команда ұлттық чемпионатта бес рет жеңіске жетіп, сонымен қатар екі рет ETTU Cup Еуропа кубогының иегері атанған.

Аланға келер болсақ, оның жасы небәрі 19-да, бірақ ол қазірдің өзінде ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын ұтып, беделді кәсіби турнирлерде жүлдегер атанған.

Еске сала кетейік, үстел теннисінен ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы мамыр айында өткен әлем чемпионатында тарихта алғаш рет 1/8 финалға дейін жеткен. Осы жетістіктің арқасында қазақстандық команда әлемдік рейтингте 18-ші орынға көтерілді. Аланнан бөлек, Қазақстан құрамасының сапында шетелдік «Вердер Бремен» (Германия) клубында ойнайтын Кирилл Герасименко да өнер көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз