
Қазақстандық «QARA BEKIRE» сериалы Global OTT Awards 2026 халықаралық сыйлығының Best OTT Original номинациясына ұсынылды. Жеңімпаздар 20 маусым күні Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Korea International Streaming Festival аясында жарияланады.
Номинацияда қазақстандық жоба Disney+ платформасының «Gold Land» және Netflix ұсынған «The Price of Confession» жобаларымен бірге бақ сынасады.
«QARA BEKIRE» сериалының премьерасы 2025 жылдың қыркүйегінде Unico Play платформасында өткен. Каспий теңізінің жағалауында түсірілген жоба экшн-драма жанрында түсіріліп, таңдау жасау, жеке жауапкершілік, отбасы құндылықтары мен экологиялық мәселелер тақырыптарын қозғайды.
Сериалдың режиссері – Берік Жаханов.
«Бұл номинация біз үшін Қазақстанда жасалған жобалардың халықаралық аудиторияға да қызықты бола алатынын көрсетеді. «QARA BEKIRE» жергілікті оқиғаға негізделгенімен, онда көтерілетін тақырыптар әлемнің кез келген еліндегі көрерменге түсінікті. Сондықтан жобамыздың әлемдік жетекші стримингтік платформалардың туындыларымен бір номинацияда ұсынылуын үлкен жетістік деп бағалаймыз», – деді Unico Play онлайн-кинотеатрының бас продюсері Анара Жүніссова.
Global OTT Awards сыйлығына ұсынылу сериалдың халықаралық жетістіктерінің логикалық жалғасы болды. Бұған дейін «QARA BEKIRE» Almaty Series Festival фестивалінің алғашқы маусымында өткен Орталық Азия байқауында үздік сериал атанған. Сонымен қатар сериалдың маркетингтік науқаны да халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, GEMA Asia Awards 2025 сыйлығында Best Integrated Marketing Campaign номинациясында алтын, ал Best Key Art: Poster номинациясында күміс жүлдеге ие болған. GEMA Asia Awards Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ойын-сауық контенті маркетингі саласындағы үздік жобалар мен инновацияларды марапаттайтын беделді кәсіби сыйлықтардың бірі болып саналады.