Тұтынушылық несие мөлшерлемесі нарықтық орташа мәнмен есептелуі мүмкін

Жарияланды 12 Маусым 2026 14:45

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Қазақстандағы тұтынушылық несие беру ережесі мен шағын бизнесті қаржыландыру тәсілдері алдағы уақытта елеулі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Taldau Talks» подкасында айтты.

Агенттік басшысының айтуынша, Ұлттық банктің базалық ставкасы өскенде, бұл ең алдымен бизнес несиелерінің құнына тікелей әсер етеді де, халыққа берілетін тұтынушылық қарыздың базалық мөлшерлемеге тәуелділігі әлдеқайда төмен болып қала береді.

Себебі қазіргі уақытта тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі заңмен нақты бекітілген. Алайда реттеуші тарап бұл жүйенің өз кемшін тұстары бар екенін байқап отыр.

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, нарықтағы кейбір екінші деңгейлі банктер өзара бәсекелестікке түсеміз деп, қарыз алушының несие тәуекелін дұрыс есептемейді де, клиенттің жеке жағдайына қарамастан, бірден ең жоғары пайыздық ставканы белгілей салады.

Осыған байланысты агенттік бұл тәжірибені өзгертуді жоспарлап, тұтынушылық несиелердің ең жоғары пайызын нарықтағы орташа мәнге байланысты анықтау тәсіліне көшуді көздеп отыр.

Қазіргі уақытта бұл жаңа әдістеме Ұлттық банкпен бірлесіп, сынақ және мониторинг режимінде тексеріліп жатыр. Содан кейін реттеуші толық талдау жасап болған соң, жаңа шекті ставкаларды енгізу мүмкіндігін түпкілікті анықтайды.

Қаржы нарығын реттеуші ұйымдар 2027 жылдың қаңтарынан халықтың шамадан тыс қарызға батуын тоқтату үшін, қатаң шектеулер енгізгелі жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз