SpaceX акциялары тағы да қымбаттады: Илон Маскінің дәулеті 1,3 трлн долларға жетті

Жарияланды 16 Маусым 2026 09:51

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Илон Маск / фото: shutterstock
Илон Маск / фото: shutterstock

Илон Маск әлем тарихындағы ең бай адам ретінде жаңа рекорд орнатты. Оның байлығы 1,3 трлн долларға жетті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазады.

SpaceX компаниясының биржаға шығуы сәтті болғаны соншалық, небәрі бір күннің ішінде Илон Маскінің капиталы тағы 164 млрд долларға өсті.

Бір күндік табыстың өзі әлемдегі ең ірі миллиардерлер Билл Гейтс немесе Уоррен Баффеттің өмір бойы жинаған байлығынан да көп.

Жақында IPO-ға шыққан SpaceX компаниясының акциялары биржадағы екінші күнінде де тоқтаусыз өсіп жатыр.

Компания құны қалай өсті?

15 маусым күнгі сауда-саттықта SpaceX акциялары тағы 8,7%-ға қымбаттады (оның алдындағы жұма күні бір-ақ күнде 19%-ға өскен болатын).

Осының арқасында SpaceX компаниясының жалпы құны 2,2 трлн доллардан асып кетті. Қазір ол әлемдегі ең ірі 6 компанияның қатарына кіреді және әйгілі Amazon желісін басып озуға сәл-ақ тұр.

Рекорд сома жиналды

Инвесторлардың сұранысы тым жоғары болғандықтан, SpaceX компаниясы қосымша тағы 83,3 млн акциясын сатылымға шығарды.

Нәтижесінде бұл тарихтағы ең ірі акция сату шарасы болып, компания бірден 86,2 млрд доллар қолма-қол ақша жинап алды.

Бұл басқаларға қалай әсер етеді?

Сарапшылар мұндай үлкен компанияның акцияларын нарық игеріп үлгере алмай, сәтсіздікке ұшырай ма деп қорыққан еді. Алайда SpaceX-тің бұл жеңісі күдіктің бәрін сейілтті.

Биыл жыл соңына дейін жасанды интеллект (AI) саласындағы ең танымал OpenAI (ChatGPT-ді жасаушылар) және Anthropic компаниялары да өз акцияларын биржаға шығаруды жоспарлап отыр.

Көпшілік Илон Маск табысынан кейін бұл компаниялардың да жұмысы алға басатынына сенімді. Сарапшылар бұл сәтті қазіргі жүріп жатқан «жасанды интеллект революциясының» жаңа белесі деп атап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз