
Мәдениет министрлігі «Қала хикаялары» жаңа республикалық әдеби байқауын жариялады.
Проза жанрына арналған байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтап, қолдауға бағытталған.
Байқауға қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы жеткізу ұсынылады.
Әдеби байқауға Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысу үшін көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ (бір баспа табақ А4 форматындағы 16 беттен тұрады – ред) болатын, бұрын еш жерде жарияланбаған қала тақырыбындағы романдар қабылданады. Әр автор бір ғана шығармасын ұсына алады.
Жеңімпаздарды жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалардың авторлары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған туындылар 15 мың данамен басылып, елдегі кітапханаларға таратылады.
Республикалық байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздарға мынадай сыйақылар белгіленген:
- Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;
- I орын – 75 мың АҚШ доллары;
- II орын – 50 мың АҚШ доллары;
- III орын – 30 мың АҚШ доллары.
Шығармалар 2026 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында қабылданады. Құжат Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 14-кіреберіс, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мекенжайы бойынша өткізілуі қажет.
Байқауға қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты 7 (7172) 74 04 07 және 7 (7172) 74 04 08 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.
Бұған дейін мәдениет министрлігі биыл «Дарын» жастар сыйлығы 10 номинация бойынша берілетінін хабарлады. Ішінде «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» номинациялары бар.