
Жанкүйерлерін ұзақ күттірген Grand Theft Auto VI (GTA 6) ойынына алдын ала тапсырыс беру 25 маусымда ашылады. Бұл туралы осы ойынды дайындайтын Rockstar Games компаниясы хабарлады.
Компания алдын ала тапсырыс басталатын күнді ғана жариялап қоймай, ойынның мұқабасын да көрсетті.
GTA-ның өзі 2026 жылғы 19 қарашада сатыла бастайды. Бұған дейін ойын шығатын күн бірнеше мәрте кейінге шегеріліп келген. Алдын ала тапсырыс алу басталғалы жатқанына қарағанда, көп күттірген ойын биыл шығуға тиіс.
Алдын ала тапсырыс тек PlayStation 5 және Xbox Series X|S консольдары үшін ашылады. Ойын шыққан сәтте оның дербес компьютерге (PC) арналған нұсқасы болмайды. Тапсырысты PlayStation Store, Microsoft Store цифрлық дүкендерінен және ірі ресми бөлшек сауда желілерінен рәсімдей аласыз.
Reuters мәліметінше, ойын саудаға шыққан алғашқы бірнеше күнде оны жасаушы компания миллиардтаған доллар пайда табады. Алдын ала тапсырыс туралы мәліметтің өзі Take-Two Interactive акцияларының 4%-ға көтерілуіне әсер етті. Rockstar Games студиясы осы компанияның меншігінде.
GTA V ойыны кезінде 230 млн данамен таралған. Алтыншы нұсқасы одан асып түсуі де мүмкін. Өйткені жанкүйерлер оны 13 жыл бойы күтті.
Бұған дейін Take-Two топ-менеджері GTA 6-ны адамзат тарихындағы ең көп күтілген ойын-сауық жобасы деп сипаттаған.