
Әлемдегі ең бай адам – Илон Маскіге тиесілі SpaceX компаниясының бағалы қағаздарын енді Қазақстан қор биржасынан сатып алуға болады.
Биржаның ресми тізіміндегі шетелдік активтер саудаланатын «KASE Global» секторына бірден бес жаңа бағалы қағаз қосылды.
Бұл бес құралды екі негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші үлкен бағыт – әлемдік танымал компаниялардың акциялары.
Бұл топта зымыран жасап, ғарышты бағындырумен айналысатын «Space Exploration Technologies Corp.» (қысқаша SpaceX) компаниясы ( сауда коды – SPCX_KZ) және энергетика алпауыты «Chevron Corporation» ( сауда коды – CVX_KZ) бар.
Екінші бағыт – заманауи трендке айналған криптовалюта нарығымен байланысты арнайы инвестициялық қорлар, яғни ETF-тер. Биржа тізіміне ең танымал үш цифрлық активке негізделген қорлар енді.
Олар: биткоин бағасын бақылайтын «iShares Bitcoin Trust ETF» ( сауда коды – IBIT_KZ), эфириумға негізделген «iShares Ethereum Trust ETF» ( сауда коды – ETHA_KZ) және солана активіне байланысты «Solana ETF» ( сауда коды – SOLZ_KZ).
Бұл қорлардың басты ерекшелігі – қарапайым сатып алушыға криптовалютаның өзін іздеп, күрделі цифрлық әмияндар ашудың қажеті жоқ.
Қазақстан қор биржасы бұл жаңа құралдармен нақты сауда-саттықтың қашан басталатынын жақын арада қосымша хабарлайды. Оған дейін брокерлік компаниялар арқылы дайындық жұмыстары жүргізілмек.
Жақында SpaceX акциялары тағы да қымбаттап, Илон Маск әлем тарихындағы ең бай адам ретінде жаңа рекорд орнатты. Оның байлығы 1,3 трлн долларға жетті.