157 млн теңгеге сатылған футбол клубы былтыр басшысына 58 млн теңге төлеген

Жарияланды 22 Маусым 2026 13:21

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубының президенті 2025 жылы 58,2 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған.

Кәсіби футбол клубының президенті қызметін 2024 жылдың маусымынан бері Сейсембек Асхат атқарып келеді. Ол клубтың қаржы және шаруашылық мәселелерін басқарады.

2025 жылғы қаржы есебіне сәйкес, футбол клубы былтыр 488 млн теңге шығынға батқан. Әсіресе, операциялық шығыны көп болған.

Жақында Шымкент әкімдігі клубты 157 млн теңгеге сатқаны белгілі. Нақты кім сатып алғаны ашып айтылмады. Дегенмен жыл басында әкімдік пен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп футбол клубын жекешелендіру жөніндегі меморандумға қол қойған.

Шахмұрат Мүтәліп «Integra Construction KZ» компаниясының иесі. Компания теміржол, метро және стратегиялық маңызы бар құрылыс нысандарын салып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз