АҚШ-тың бұрынғы бас банкирi Алан Гринспен 100 жасында қайтыс болды

Жарияланды 22 Маусым 2026 16:48

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Алан Гриспен / фото: Getty Images

АҚШ Федералды резерв жүйесінің бұрынғы басшысы, ықпалды экономист Алан Гринспен 100 жасында өмірден өтті. CNBC мәліметінше, ол Паркинсон ауруынан болған асқынулар салдарынан қайтыс болған.

Гринспен АҚШ-тың орталық банкін 1987 жылдан 2006 жылға дейін басқарды. 19 жыл Федералды резерв жүйесін басқарған. Оның төрағалығы кезінде АҚШ экономикасы бірнеше ірі дағдарыстан өтті. Соның ішінде 1987 жылғы қор нарығының құлдырауы, dot-com дағдарысы және Азиядағы қаржы дағдарысы бар.

1987 жылы Dow Jones индексі бір күнде 22,6%-ға құлаған еді. Сол кезде Гринспен нарықты сабырға шақырып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға тырысты. Ол биржаларда дүрбелең тудырмау үшін көп жағдайда өте сақ әрі күрделі тілмен сөйлейтін саясаткер-экономист ретінде есте қалды.

Гринспен еңбек жолын консалтинг саласында бастаған. 1974 жылы Ақ үй жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің төрағасы болды. Кейін Федералды резерв жүйесін басқарған жылдары АҚШ-та төмен пайыздық мөлшерлеме саясатын жүргізді.

Өз естеліктерінде ол арзан несие америкалықтардың баспана алу мүмкіндігін арттырғанын жазған. Алайда сыншылар дәл осы саясат кейін ипотекалық нарықтағы шамадан тыс тәуекелге жол ашып, 2008 жылғы үлкен дағдарыстың алғышарттарының бірі болды деп санайды.

Гринспен нарықтағы көпіршіктер туралы айта отырып, «қорқыныш пен эйфория – нарықтағы басты күштер, бірақ қорқыныш эйфориядан әлдеқайда қуатты» деген ой айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз