
Экономист Ернар Серік Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпке салынған инвестиция айтарлықтай өскенін айтуда. 2026 жылғы қаңтар-мамырда бұл салаға 1 055,3 млрд теңге құйылған. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 29,2% болды.
Бірақ басты мәселе басқа жерде. Өсім бар, ақша бар, жобалар бар. Алайда оның бәрі ел аумағына бірдей таралып жатқан жоқ. Өңдеуші өнеркәсіпке тартылған инвестицияның басым бөлігі санаулы өңірдің айналасында шоғырланған.
Көш басында – Жамбыл облысы. Бес айда өңірге 254,4 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл бүкіл республикалық көлемнің төрттен біріне жуық. Тағы бір қызық көрсеткіш – Жамбыл облысы қаңтар-мамырдың өзінде 2025 жылғы толық деңгейдің 83%-ына жетіп үлгерген. Яғни өңірде өндірістік жобалар қағаз жүзіндегі жоспардан нақты құрылыс пен инвестицияға өте бастаған.
Өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция: өңірлер рейтингі
Қазақстан, 2026 жылғы қаңтар–мамыр. Көрсеткіштер млрд теңгемен берілген.
млрд ₸
Екінші орында – Алматы облысы. Мұнда өңдеуші өнеркәсіпке 114,2 млрд теңге тартылған. Үшінші орында Атырау облысы тұр – 109 млрд теңге. Мұнайлы аймақ үшін бұл маңызды белгі: өңір тек шикізат өндірумен шектелмей, өңдеу бағытына да ақша тарта бастады. Төртінші орында – Қарағанды облысы. Өңірдің көрсеткіші 86,7 млрд теңге болды.
Ең жылдам өсімдердің бірі Ақтөбе облысында байқалды. Өңірде инвестиция көлемі былтырғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда бірнеше есе көбейген. Ал 2025 жылғы толық деңгеймен салыстырғанда бес айдағы нәтиже 68%-ға жетті. Бұл Ақтөбеде жаңа өндірістік цикл қалыптаса бастағанын көрсетеді.
Алайда рейтингтің төменгі жағында қалған өңірлер де бар. Маңғыстау облысына бес айда 14,8 млрд теңге, Абай облысына 12,8 млрд теңге, Қызылорда облысына 11,2 млрд теңге ғана салынған. Ең төменгі көрсеткіштер Жетісу мен Ұлытауда: тиісінше 3,6 млрд және 2,8 млрд теңге.
Маңғыстаудың жағдайы бөлек назар аудартады. Өңірде мұнай, газ, шикізат базасы бар. Бірақ осы артықшылық әзірге терең өңдеуге жаппай инвестиция тартуға жеткіліксіз болып тұр. Яғни ресурс бар, бірақ оны қосылған құны жоғары өнімге айналдыратын өндірістік серпін әлсіз.
Қазір Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің картасы қайта сызылып жатыр. Бір өңірлер зауыт, инфрақұрылым және ірі инвесторлар арқылы алға шығып келеді. Ал кей аймақтар әзірге осы өсімнің сыртынан бақылап отырғандай.
Тағы да оқыңыз: 2026 жылдың алғашқы 5 айында өңдеу өнеркәсібінде өсім 9% болды.