
Air Astana ұлттық компаниясы елу жаңа Airbus ұшағын сатып алады. 8,3 млрд еуроның келісіміне Бельгияда қол қойылды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
Airbus A320 және A321 ұшақтары Қазақстанға 2031 жылдан бастап жеткізіле бастайды.
«Еншілес компаниямыз – Air Astana ұлттық әуе компаниясы үшін 50 жаңа Airbus ұшақтарын сатып алу жөнінде келісім жасалды. Осы мәміле біздің еуропалық бизнеспен әріптестігімізді жаңа деңгейге көтереді», – дейді Жақыпов.
Топ-менеджер әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарады. «Самұрық-Қазына» қоры, 2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Air Astana жай акцияларының 41,18%-ына ие.
Бұған дейін Air Astana бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел компания меншігіндегі ұшақтарды көбейтіп, техникалық әлеуетін нығайту үшін 10 млрд доллар керек екенін айтқан.