Нұрлан Сабуровтың Ереванда өтетін концертін тоқтату талап етілді

Жарияланды 24 Маусым 2026 12:59

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Фото: youtube.com/@saburovnurlan, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Фото: youtube.com/@saburovnurlan, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Арменияда Нұрлан Сабуровтың 5 шілдеде Ереванда өтетін концертін болдырмауға шақырған жазбалар кең таралып жатыр.  

Threads әлеуметтік желісінде армениялық strongman_sport_fitnes лақап есімді қолданушы қазақстандық әзілкеш туралы пікір қалдырған.

«Ереванға концертпен украиналық балалардың өлімін қаржыландырды деп айыпталып жүрген Нұрлан Сабуров келеді. Ресейде тұрып, ол Ресей армиясын қаржыландырып, жан-жақты қолдады. Екінші суретте Ресей армиясының қолынан қаза тапқан украиналық қыз көрсетілген», – деген жазба қалдырған.

Бұл пікірді қолдаған армениялық және қазақстандық қолдаушылар көп. Олар әртіске сахна бермеу керек деп есептейді. Бұған әзілкештің кезінде «Вагнер» жеке әскери компаниясымен байланысы бар жалдамалыларға мотоцикл сыйлауы түрткі болып отыр.

Десе де, Сабуровтың ол кезде таңдау мүмкіндігі болмаған шығар деп ақтауға ұмтылғандар да бар. Алайда, кейбіреулер «мотоциклдерді сыйға тартуы да оның Ресейдегі мансабын сақтап қалуға көмектеспегенін» алға тартты.

Айта кететін жайт, бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Сабуровтың әрекеттерінен қылмыс белгілерін анықтамаған болатын. Ал Украинада оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ оқыңыз