Жылына 300 млн литр: Алматыдағы Carlsberg зауыты сыраны қалай дайындайды

Жарияланды 26 Маусым 2026 15:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Рауан Мутаир

Kursiv Media тілшісі Алматы қаласында орналасқан, еліміздегі ең ірі әрі заманауи кәсіпорындардың бірі – Carlsberg Kazakhstan зауытына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып қайтты. Көлемі 13 гектарды алып жатқан алып өндіріс – Қазақстандағы ең ірі сыра зауыттарының бірі. Көпшілікке таныс Carlsberg брендінің сырасы дәл осы жерден шығады.

«Ақ-Нардан» Carlsberg-ке дейін

Кәсіпорынның іргетасы 1998 жылы қаланып, алғашқыда «Ақ-Нар» деген атаумен белгілі болған еді. Кейіннен 2006 жылы «Ирбис» және «Ақ-Нар» компаниялары бірігіп, «Дербес» ЖШС ретінде нарықтағы орнын нығайтты. Ал 2008 жылдан бастап әлемдік алпауыт инвестор Carlsberg Group құрамына кіріп, өндірісті жаңа халықаралық стандарттарға сай модернизациялауды бастады.

Қазір зауыттың өндірістік қуаты жылына 300 млн литрді құрайды. Өндіріс ошағында тәулігіне орта есеппен 650 тонна сыра шығарылады. Зауыттың Алматыдағы бөлімінде 500-ден астам маман еңбек етсе, еліміздің басқа өңірлеріндегі дистрибьюторлық компанияларда 1000-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

фото: Рауан Мутаир

Экономикаға қосқан үлес

Carlsberg Kazakhstan еліміздегі ең үздік 25 шетелдік инвестордың қатарына кіреді. 2008 жылдан бері кәсіпорынды дамытуға 250 млн доллардан астам инвестиция құйылған. Сондай-ақ, компания тамақ өнеркәсібі саласындағы ең ірі 50 салық төлеушінің тізімінде. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде мемлекет бюджетіне аударылған салық көлемі 37 млрд теңгеден асты.

Зауыттың басты жетістіктерінің бірі – сыра шығарудағы пайдалынатын шикізат өнімдерінің 71.5% отандық өнім берушілерден сатып алады. Олардың ішінде:

  • Дән (Арпа, бидай): Кербұлақ ауданы, Алматы облысының ауылдарынан жеткізіледі;
  • Уыт (Солод): Текелі уыт зауытынан алынады;
  • Бөтелке мен банка: Шымкент қаласынан;
  • Преформа: Астана қаласынан;
  • Қақпақ пен Пленка: Алматы өндірістерінен;
  • Мелас және Паллеттер: Жаркент қаласынан келеді.

1 литр сыраны дайындау үшін қанша литр су кетеді

Соңғы 10 жыл компания үшін үлкен экологиялық трансформация кезеңі болған. 2016 жылы басталған ESG саяхаты, 2017 жылғы «Together Towards Zero» жаһандық стратегиясымен ұштасып, айтарлықтай нәтижелер берді.

2025 жылы 1 литр сыраны дайындау үшін 2.16 литр су жұмсалды. Бұл – компания тарихындағы ең үздік тиімділік көрсеткіші. Соңғы онжылдықта су тұтыну көлемі 42%-ға қысқарған. Экологиялық жаңартулар мен жаңа бу қазандықтарын орнатудың арқасында өндірістің көміртегі ізі екі есе дерлік (37%-дан астам) азайды.

Электр энергиясын тұтыну көлемі 50%-ға қысқарып, зауыттың энергетикалық тиімділігі 94%-ға жетті.

Өндіріс технологиясы: Сүзгі күбі процесі

Зауыт ішіндегі өндіріс толықтай автоматтандырылған. Сыра қайнатудың ең маңызды кезеңдерінің бірі – арнайы Сүзгі күбінде өтеді. Мұнда сусынның тазалығы мен жоғары сапасының негізі қаланады.

Алдымен уыт (солод) пен су араласқан қоспа үлкен сүзгіш ыдысқа құйылады. Сұйықтық ыдыстың түбіне шөккен дәндердің қабаты арқылы өзінен-өзі табиғи түрде сүзіліп, тұнады. Дәндердің арасында қант пен дәмді элементтер қалып қоймауы үшін, оның үстінен ыстық су жіберіп, соңғы тамшысына дейін шайып алады.

Тұп-тұнық болып сүзілген дайын шырын (сусло) келесі кезеңге – сусынды қайнату бөліміне жіберіледі.

    фото: Рауан Мутаир

    Компания бір орнында тұрып қалмай, өндіріс орындарын көбейтуді жоспарлап отыр. 2026 жылы Алматы облысында PepsiCo компаниясының лицензиясы бойынша халықаралық деңгейдегі алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа заманауи Carlsberg Central Asia зауыты ашылмақ.

    Сондай-ақ оқыңыз