
Бала Жамбыл атымен танылып, біраз уақыт бойы халық алдына шықпаған жас ақын Жамбыл Дүйсенов өзінің сахнаға, эфирге қайта оралғысы келетінін айтты. Бұл туралы Instagram парақшасында жария етті.
Ақынның айтуынша, ол біраз уақыт бойы АҚШ-та болған. Алайда ол елге оқуға бармаған. Америкаға нақты қандай мақсатпен барғанын кейінірек әлеуметтік желіде айтып бермек.
«Халқымды қайтадан қуанқым келеді. Халқымның ықыласынан бөленгім келеді. Халқымның жүрегінен орын тапқым келеді. Халықтың ықыласына бөленсем, мен үшін одан асқан бақыт немесе марапат жоқ деп ойлаймын. Қайтадан жарқ етіп шығамын. Халқыма уәде беремін», – деді ол жария еткен видеода.
Жамбылдың сөзінше, ол алдағы уақытта телеарналардан көрініп, өзінің шығармашылығын дамытып, сахнаға қайта оралуды көздеп отыр.
Бала Жамбыл атымен танылған ақын 4 жасынан бастап өлең жазып, 7 жасынан бастап жыр кештерін өткізіп елді аузына қаратқан еді. Оған әйгілі ақын Мұхтар Шаханов та бата берген.