
Halyk Research сарапшылары 2026 жылдың I тоқсанында қазақстандықтардың табысына қатысты бірнеше маңызды трендті атап өтті. Негізгі қорытынды: табыс қағаз жүзінде өскенімен, инфляцияны есепке алғанда халықтың нақты кірісі төмендеген.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың I тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 747 мың теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда номиналды түрде 10,2%-ға көп.
Алайда бағаның өсуін ескерсек, жағдай басқаша көрінеді. Нақты ақшалай табыс бір жылда 1,3%-ға төмендеген. Яғни адамдардың қолына түсетін ақша көбейгенімен, оның сатып алу қабілеті әлсіреген.
Жалдамалы жұмысшылардың табысы азайған
Halyk Research мәліметінше, бұған ең алдымен нақты жалақының төмендеуі әсер еткен. 2026 жылдың I тоқсанында нақты жалақы 2,3%-ға қысқарды. Ал Қазақстанда халық табысының басым бөлігі дәл осы жалдамалы жұмыстан түседі.
2025 жылдың IV тоқсанындағы дерекке қарасақ, халықтың жан басына шаққандағы табыс құрылымында жалдамалы жұмыстан түсетін кірістің үлесі 75%-ды құрайды. Әлеуметтік төлемдерге 10,1%, өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табысқа 9,7%, ал өзге ақшалай кірістерге 5,2% тиесілі.
Сарапшылар тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Қазақстанда халық табысын бағалайтын екі түрлі көрсеткіш қатар қолданылады. Біріншісі нақты табыстың 1,3%-ға төмендегенін көрсетсе, екіншісі, 12 мың үй шаруашылығына жүргізілген зерттеу негізінде, керісінше нақты табыстың 2,2%-ға өскенін көрсетеді.
Бұл айырмашылықтың бір себебі – әлеуметтік төлемдер, әсіресе зейнетақы төлемдерінің өсуі. Halyk Research дерегінше, зейнетақы төлемдері бір жылда 18%-ға артқан. Сондықтан бір әдістеме халықтың тұрмыс деңгейі нашарлағанын көрсетсе, екіншісі өсім бар деген қорытындыға келеді.
Сондай-ақ сарапшылар азық-түлік шығынына қатысты статистиканың өзгергенін айтты. Бұрын «үйден тыс тамақтану» азық-түлік шығынының ішінде есептелсе, енді ол ақылы қызметтер санатына ауыстырылған. Соның салдарынан 2026 жылдың I тоқсанында азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі 48,6%-ға дейін төмендеген.
2025 жылы бұл көрсеткіш тұрақты түрде 50%-дан жоғары болған. Сондықтан 2026 жылғы деректі өткен жылдармен тікелей салыстыру қиын. Бұл жерде нақты үнемдеу емес, әдістеменің өзгеруі де әсер етіп отыр.
Halyk Research сарапшылары халықтың табысы ұзақ мерзімді өсуі үшін тек жалақыны көтеру жеткіліксіз екенін айтады. Ол үшін еңбек өнімділігін арттыру, экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту және жеке инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастыру қажет.
Қысқаша айтқанда, 2026 жылдың басында қазақстандықтардың табысы номиналды түрде өскенімен, инфляция бұл өсімді «жеп қойған». Ал статистикадағы әдістемелік айырмашылықтар халықтың нақты жағдайын бағалауды қиындатып отыр.
Тағы да оқыңыз: Үкімет 2029 жылға дейін халықтың табысын арттырмақ.