
2026 жылдың бірінші тоқсанында орта бизнес 836 млрд теңгеге жуық кредит алған. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, өсім 65,4 пайызды құрайды.Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының пайымдауынша, ірі және шағын бизнеспен салыстырғанда, орта кәсіп иелері банктен қарызды көбірек ала бастаған.
Орта бизнестің кредит алуға деген ұмтылысына елдегі қатаң-ақша несие саясаты да тосқауыл бола алмаған. Оған биыл үш айда несие алғысы келген кәсіпкерлердің қатары 9,5 пайызға артып, бес мыңнан асқаны дәлел.
Сонымен қатар банктердін бизнесмендерден түскен өтінішті мақұлдау көрсеткіші де артқан. Сарапшылар сұраныстың артуы мен банктердің өтінімдерді мақұлдау үлесінің артқаны қарыз алушылардың қаржы жағдайы жақсарғанын білдіреді деп отыр.
Өнеркәсіпке алынған кредит артты
Кредитті негізінен өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы орта кәсіпкерлер алған. Өнеркәсіп саласындағы бизнесмендердің сұранысы бірден 196 пайызға артып, 162,5 млрд теңгені құраған.
Ал құрылыс саласындағы орта компаниялар үш айда 24,7 млрд теңгеге кредит рәсімдеген.
Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бұл ретте орта бизнеске несие беру сауда-саттықтан өндіріске қарай ойысқанын атап өтті.
Жаңадан берілген кредит есебінен орта бизнестің жалпы несие қоржыны жыл басынан бері 3,4%-ға, ал бір жылда 30,7%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені құрады.
Орташа қарыз – 900 млн теңге
Кредит қоржынының өсуімен қатар, оның сапасы да жақсара түсті. Мерзімі өткен қарыз үлесі 1,7%-дан 1,4%-ға дейін төмендеді, ал оның нақты көлемі 14,4%-ға азайып, 40,4 млрд теңгені құрады. Бұл сегменттегі кәсіпкерлер орта есеппен 900 млн теңге айналасында қарыз алады.
Ал 10 млрд теңгеден асатын ірі қарыз үлесі 10%-дан 18%-ға дейін артқан. Бұл жүзеге асырылып жатқан жобалардың іріленгенін, капиталды көп қажет ететін өндірістік бағдарламаларға көшкенін байқатады.
Жалпы Қазақстан экономикасына берілген кредит көлемі 51 трлн теңгеге жуықтады.
Осыдан төрт жыл бұрын бизнес пен жеке тұлғалардың несие көлемі тең, яғни әрқайсысы шамамен 10 трлн теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгерген.
Халықтың қарыз жүктемесі бизнестің несие қоржынын басып озып, алшақтық жыл санап артып келеді. 51 трлн теңгенің 24 трлн теңгесі бизнеске деп алынған қарыз болса, 27 трлн теңгесі -халықтың тұтынушылық, ипотека және көлік алуға рәсімдеген борышы.