Сүйісу арқылы кариес жұқтыру мүмкін бе – стоматолог түсіндірді

Жарияланды 1 Шілде 2026 09:15

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
поцелуй
Фото: unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Көпшілік тіс жегісі тек тәттіні көп жегеннен пайда болады деп ойлайды. Алайда тіс дәрігері Аралбек Тасболатовтың айтуынша, кариеске тек қант емес, басқа да факторлар әсер етеді. Оның үстіне бұл ауру сілекей арқылы басқа адамға жұғуы да мүмкін.

Кариес неден пайда болады

– Аралбек мырза, кариес неліктен пайда болады? Оның көпшілік біле бермейтін себептері бар ма?

– Кариес бірнеше себептің әсерінен дамиды. Соның бірі – көмірсуға, әсіресе, тәтті тағамдарға әуестік. Ауыз қуысындағы бактериялар тағам қалдықтарындағы көмірсуларды қышқылға айналдырады. Ал бұл қышқыл тіс кіреукеcіндегі кальций мен фосфорды шайып, оны біртіндеп бұза бастайды.

Сондай-ақ кариеске аутоиммундық жүйедегі кейбір бұзылыстар да себеп болуы мүмкін. Бұған қоса, кариес – тістің қатты тіндерін зақымдайтын инфекциялық ауру екенін ұмытпаған жөн.

Кариес сүйісу арқылы жұға ма

– Сонда кариес басқа адамға жұғуы мүмкін бе?

– Иә, мүмкін. Егер адамның тісінде кариес болса, сүйісу кезінде сілекей арқылы кариес тудыратын бактериялар серіктесінің ауыз қуысына өтуі ықтимал.

Қазір көптеген адам бұл мәселеге жауапкершілікпен қарайды. Біріншіден, жүктілікті жоспарламас бұрын тістерін емдетуге тырысады. Екіншіден, ерлі-зайыптылардың бірге стоматологиялық тексеруден өтіп, тістерін қатар емдетуі жиілеп келеді.

Кейбір әйелдер: «Егер күйеуімде кариес болса, маған жұғуы мүмкін бе?» деп сұрайды. Мен оларға мұның мүмкін екенін түсіндіремін. Өйткені кариес – инфекциялық ауру, ал оны тудыратын бактериялар сілекей арқылы берілуі мүмкін.

Сүйісудің пайдасы да бар

Дегенмен сілекей арқылы бактериялардың берілуі тістер бірден бұзылады дегенді білдірмейді. Кариес тудыратын бактериялар көбейіп, аурудың дамуы үшін қолайлы орта қажет. Мұндай орта көбіне қантты тағамдарды жиі тұтынғанда және ауыз қуысының гигиенасы дұрыс сақталмаған жағдайда қалыптасады.

Стоматологтың айтуынша, сүйісудің де өз пайдасы бар. Себебі сүйісу кезінде сілекейдің бөлінуі артады. Ал сілекей ауыз қуысындағы тағам қалдықтарын шайып, қышқылдарды бейтараптандырады. Соның нәтижесінде тіс кіреукесі қорғалып, кариес қаупі азаяды.

Еске салсақ, осыған дейін балаларды көз дәрігеріне тексертудің маңызы жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз