Азиядағы ең ірі IPO: Қытайдың жасыл энергия компаниясы биржаға шығады

Жарияланды 1 Шілде 2026 10:42

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қытайдағы таза энергия инфрақұрылымы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қытайдың жасыл энергетика нарығында биылғы ең ірі мәміле өтпек. Reuters мәліметінше, China Resources New Energy 2 шілдеде Shenzhen биржасында саудасын бастайды. Компания IPO арқылы 3,6 млрд долларға дейін тартуы мүмкін, бұл Азиядағы жыл басынан бергі ең үлкен орналастыру болмақ.

Жасыл энергия компаниясы рекордтық IPO-ға шықпақ

China Resources New Energy – China Resources Power компаниясының жаңартылатын энергия бағытымен айналысатын еншілес құрылымы. Компания жел және күн энергетикасы жобаларын дамытады.

Reuters мәліметінше, компания IPO аясында 2,11 млрд акцияны бір акцияға 10,11 юань бағасымен орналастырған. Егер қосымша орналастыру опциясы толық іске қосылса, тартылатын қаражат 24,5 млрд юаньға, яғни шамамен 3,6 млрд долларға жетуі мүмкін.

Бұл мәміле бірден бірнеше рекордқа жақын. Біріншіден, ол биыл Азиядағы ең ірі IPO болуы ықтимал. Екіншіден, Shenzhen биржасы тарихындағы ең үлкен листингке айналуы мүмкін.

Инвесторлар неге қызығып отыр?

Нарықтың қызығушылығы жоғары. Reuters дерегінше, бөлшек инвесторларға арналған онлайн бөлікке сұраныс ұсыныстан 683 еседен көп болған.

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі – Қытай таза энергияны ұзақ мерзімді стратегиялық сала ретінде көріп отыр. Ел 2030 жылға қарай электр энергиясының жартысын қазба отынға жатпайтын көздерден алуды көздейді.

Екіншісі – инвесторлар жасыл энергияны тек экология тақырыбы емес, нақты инфрақұрылымдық бизнес ретінде қарастыра бастады. Күн және жел электр станциялары, электр желілері, сақтау жүйелері мен энергия балансын басқару жобалары ұзақ мерзімді капитал үшін тартымды бағытқа айналып келеді.

Үшіншісі – AI мен дата-орталықтардың өсуі энергияға сұранысты күшейтті. Жасанды интеллектті дамыту үшін көп электр қуаты қажет. Сондықтан энергия инфрақұрылымы технологиялық өсімнің де негізгі тірегіне айналып отыр.

Бірақ тәуекел де бар

Жасыл энергия нарығы тартымды болғанымен, оның тәуекелі аз емес. Қытайда жаңартылатын энергия қуаты тез өсіп жатыр, бірақ кей өңірлерде электр желісінің мүмкіндігі шектеулі. Яғни өндірілген қуатты толық жеткізу әрдайым оңай емес.

Тағы бір мәселе – электр бағасы. Егер баға төмендесе, күн және жел жобаларының табыстылығы қысым көруі мүмкін. Сондықтан инвесторлар компанияның тек өсу жоспарына емес, нақты маржасына, қарыз деңгейіне және жобалардың қайтарымына да қарайды.

China Resources New Energy IPO-дан түскен қаражатты жаңа жел және күн энергетикасы жобаларына бағыттамақ. Бұл компанияның қуатын арттырады, бірақ жаңа инвестициялардың тиімділігі нарық жағдайына байланысты болады.

Тағы да оқыңыз: Әлемдік алпауыт OpenAI IPO-ға келесі жылы ғана шығуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз