
Қырғызстанда жанармай нарығындағы жағдай күрделене бастады. Кейбір жанармай бекеттерінде АИ-95 бензині табылмай жатыр, ал дизель отыны қымбаттап барады.
Бұған Ресейдегі жағдай тікелей әсер етіп отыр. Украина дрондарының ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына жасаған соққыларынан кейін Ресейде бензин тапшылығы күшейді. Соның салдарынан Мәскеу бензин мен авиакеросин экспортына толық тыйым салды. Дизель отынын экспорттауға да шектеу қойылуы мүмкін.
Қырғызстан Ресейден келетін жанармайға тәуелді елдердің бірі болғандықтан, бұл жағдай ішкі нарыққа да әсер етіп жатыр. Үкімет бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін жанармай сатушыларға субсидия беруді бастады. Сонымен қатар АИ-95 әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізілді. Бұған дейін бұл тізімде тек АИ-92 болған.
Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының мәліметінше, АИ-95 бойынша мәселе шамамен екі апта ішінде шешілуі мүмкін. Бірақ бұл Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы қалпына келуіне байланысты. Елде аздаған қор бар, ал АИ-92 қоры компанияларға қарай 30-45 күнге жетуі мүмкін.
Дизель отыны әзірге бар. Бұл әсіресе егін жинау маусымы кезінде маңызды. Фермерлер алдын ала қор жинап қойған, ал бұл мәселе мемлекет бақылауында тұр.
Жүк тасымалдаушылар да жағдайды бақылап отыр. Қырғызстанда жанармай аздап қымбаттағандықтан, кей жүргізушілер Қазақстанда немесе Ресейде жанармай құюға тырысып жүр. Егер дизель бағасы қатты өссе, бұл тасымал құнына да әсер етуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда жанармай тапшылығы бола ма – министрлік жауап берді.