
Forbes журналы әлемдегі ең бай және ықпалды блогердердің тізімін жариялады. Басылым мәліметінше, ең ықпалды 50 блогердің жалпы табысы 1 млрд доллардан асып жығылады. Нақтырақ айтсақ, олар бір жылда 1,02 млрд доллар (шамамен 470 миллиард теңгеден астам) пайда тапқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға, ал 2022 жылғы алғашқы тізіммен салыстырғанда 80%-ға өскен.
Блогерлер қазір жүздеген қызметкері бар студия ашып, ауқымды жарнамалық науқандарды басқарып қана қоймай, кіріс жағынан Голливуд фильмдерінің өзін артта қалдырып отыр.
Мысалы, Кейн Парсонстың желілік қорқынышты хикаясына негізделген «Backrooms» фильмі 10 млн долларға түсіріліп, 260 миллион доллардан астам табыс әкелсе, скетч-комедия авторы Карри Баркердің «Obsession» картинасы небәрі 750 мың доллар бюджетпен 290 млн доллардан астам қаржы жинады.
Стриминг саласында да блогерлердің ықпалы күн санап артып келеді. Марк Робер мен Мисс Рэйчел өздерінің танымдық бағдарламаларын Netflix-ке шығарса, MrBeast «Beast Games» реалити-шоуының екінші маусымын Amazon Prime-да ұсынды.
Сценарийі бар контент шебері Дхар Манн Samsung TV-мен тұрақты жұмыс істеп, Fox Entertainment студиясымен бірге 40 вертикалды драма түсіруге келісімшартқа отырды.
Әлемнің ең табысты инфлюенсерлері
Forbes тізімінің абсолютті көшбасшысы – MrBeast (Джимми Дональдсон). Ол бір жылда 300 млн доллар (141,09 млрд теңге) табыс тауып, 873 миллион жазылушы жинады.
Джимми YouTube-тағы трюктары өндірістік студияға айналдырып, медиа, тамақ өнімдері (Feastables, Lunchly) және жасөспірімдерге арналған Step қаржы қосымшасын қамтитын Beast Industries компаниясын басқарып отыр.
Одан кейінгі екінші орынға 65 миллион доллар (30,57 млрд теңге) табысымен Dhar Mann (Дхар Манн) жайғасты.
Оның 200 адамнан құралған командасы аптасына шамамен 300 млн қаралым жинайтын видеолар шығарады және жақында Fox Entertainment-пен 40 вертикалды драма жасау туралы мәмілеге қол қойды.
Үздік үштікті «The Diary of a CEO» подкастының жүргізушісі Стивен Бартлетт қорытындылады. Ол 52 млн доллар табыс тауып, өз асүйінде бастаған жобасын құны 425 млн долларлық Steven.com холдингіне айналдырды.
Ондыққа кімдер енді
Бұл қатарда таза желілік контентті үлкен экранмен байланыстырған өзге де майталмандар бар. Төртінші орындағы ойын стримері Markiplier өзі қаржыландырған «Iron Lung» фильмін кинотеатрда көрсетіп, 50 млн доллар кассалық табыс тапты және 38 млн доллар таза пайда көрді.
Бесінші орында тұрған Rhett & Link дуэті өздерінің танымал «Good Mythical Morning» ток-шоуы және Tubi платформасындағы жаңа жобалары арқылы 37 миллион доллар табысқа кенелді.
Алтыншы орынға жайғасқан Codie Sanchez (Коди Санчес) бұрынғы қаржыгер ретінде 10 миллион жазылушысына кір жуатын орын мен сауда автоматтары сияқты «қарапайым» бизнестердің қыр-сырын үйретіп, 31 миллион доллар тапты.
Жетінші және сегізінші орындарды 30 миллион доллардан табыс тапқан Mark Rober Марк Робер мен IShowSpeed өзара бөлісті.
НАСА-ның бұрынғы инженері Марк Робер ғылыми трюктарымен және CrunchLabs компаниясымен танымал болса, стример IShowSpeed футбол контенті, саяхат және ФИФА-мен бірлескен ауқымды турлары арқылы осындай деңгейге жетті.
Үздік ондықты 20 миллион доллар (9,41 миллиард теңге) табысымен Голливуд жұлдыздарымен иық тіресе жұмыс істейтін скетч-комик Druski және 18 миллион доллармен (8,47 миллиард теңге) әлемдік сән үйлерінің амбассадорына айналған биші Charli D’Amelio (Чарли Д’Амелио) тұр.
Тізімге сонымен қатар Khaby Lame, Marques Brownlee, Jacksepticeye, Stokes Twins, Nick DiGiovanni және Нара Смит сияқты ондаған танымал авторлар енген.
Қазақстандық блогерлерді де әлем тани бастады. Мәселен, тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым биыл әлемдік WIBA Awards сыйлығын жеңіп алды.