
Тележүргізуші Диана Қырықбай соңғы кездері дұшпандарына бақыт тілейтінін айтып, басқаларды да солай етуге шақырды.
Оның сөзіне қарағанда, мұның өзіндік сыры бар. Сонда дұшпаныңыз не өміріңізден кетеді, не райынан қайтып, өшпенділігін мейірімге айналдырады.
«Бұрын бір адам маған қастандық жасаса, өсек айтып, жамандық жасаса, оны жек көретінмін. Таңертеңнен кешке дейін оған ішімнен жамандық тілеп тұратынмын. Өмір көрген адамдар «көңіліңе алма, дұшпаныңа бақыт тіле» дейтін. «Маған жамандық жасаған адамға қалай бақыт тілеймін?» деп ойлайтынмын. Бұл менің миыма кіріп шықпайтын еді», – дейді Диана Қырықбай.
Қазір тележүргізушінің жасы отыз алтыға келген. Осы жасқа келгенде ғана бұл тәсілдің құпиясын ашқан.
«Біреулер жамандық жасаса, мені жек көрсе, мен ішімнен «Е, Аллам, мына кісіге бақыт бере гөр, ақша бере гөр, жақсылық бере гөр. Өмірі мәнді, сәнді болсын. Осы адам бақытты болсыншы!» деп шын жүректен, шын ниеттен жақсылық тілеймін. Неге? Менің жауым бақытты болса, өмірі күшті болса, ол мен туралы ұмытып кетеді», – дейді ол.
Диана Қырықбайдың пікірінше, бақытты адамға сіздің қайда, кіммен жүргеніңіз қызық емес. Өйткені оның өмірі күшті. Ризығы мол.
«Бақытсыз болса, ол адам өмір бойы маған жамандық тілеп өтеді. Бақытқа толы адам ғана бақыт тілей алады. Жан дүниесі жамандыққа толы адам жамандық тілейді», – дейді тележүргізуші.
Мұның алдында Динара Қырықбай кішкентай қызын әлдебіреу шапалақпен ұрғанын айтқан еді.