
Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру қалпына келтірілді. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі Reuters агенттігінің сауалына берген жазбаша жауабында хабарлады. Алайда ведомство өндіріс көлемін нақтылаған жоқ.
Жедел статистикамен таныс дереккөздің мәліметінше, 1–12 шілде аралығында Қарашығанақта мұнай мен газ конденсатын өндіру тәулігіне орта есеппен шамамен 31 мың тоннаны немесе 243,6 мың баррельді құраған.
Тағы бір дереккөз Қарашығанақтағы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі әлі де қалыпты деңгейден тәулігіне 3–3,5 мың тоннаға төмен екенін айтты. Оның сөзінше, алтыншы компрессордың іске қосылуы газды қайтадан жер қойнауына айдауға мүмкіндік берген.
Орынбор газ өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта кәсіпорын газ құбырының бір желісі арқылы шикі газдың қалыпты көлемінің шамамен 30%-ын ғана қабылдап отыр.
24 маусымда «Газпромға» тиесілі Орынбор газ өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасағаннан кейін Қарашығанақтан тазартуға жіберілетін шикі газ көлемі азайды. Соның салдарынан 26 маусымда кен орнындағы мұнай мен газ конденсатын өндіру тәулігіне 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендеген еді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, шілденің басында Орынбор газ өңдеу зауытына шикі газ жеткізу қалыпты көлемнің 28%-ы деңгейінде қайта жанданды.
Өткен аптада «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қарашығанақтағы шикізат өндірісінің әлі де шектеулі көлемде жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
Қарашығанақтағы мұнай мен газ өндіру өңдеу қуаттарымен тікелей байланысты. Егер газ тазарту үшін жөнелтілмесе, кен орны толық көлемде өнім өндіре алмайды.
Қарашығанақтан өндірілген шикі газ Орынбор газ өңдеу зауытына сату-сатып алу келісімі аясында жеткізіледі. Келісім Қарашығанақ кен орнының операторы Karachaganak Petroleum Operating және «ҚазРосГаз» компаниясы арасында 2038 жылғы 27 қаңтарға дейін жасалған.
Қарашығанақ кен орнында жоспарлы жөндеу жұмыстары биыл қыркүйекте өтеді деп күтіліп отыр.
2025 жылы Қарашығанақтағы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 12,13 млн тоннаны құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 12,2 млн тонна болған.
Қарашығанақ — Қазақстандағы мұнай мен газ конденсаты өндірілетін үш ірі кен орнының бірі. Кен орнынан өндірілген шикізат сыртқы нарықтарға негізінен Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы экспортталады.
Қарашығанақты халықаралық KPO консорциумы игереді. Оның құрамына Shell — 29,25%, Eni — 29,25%, Chevron — 18%, «Лукойл» — 13,5% және «ҚазМұнайГаз» — 10% үлеспен кіреді.