Жоңғар Алатауында бұрын зерттелмеген жаңа петроглифтер табылды

Жарияланды 14 Шілде 2026 17:32

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Жетісу облысы Сарқан ауданындағы тасқа қашалған суреттер - петроглифтер
Жартасқа қашалған көне суреттер / фото: «Жоңғар Алатауы» паркі, ЖИ көмегімен өңделген, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жетісу облысы Сарқан ауданы аумағындағы Жоңғар Алатауында бұрын зерттелмеген петроглифтер табылды. Олардың тарихи-мәдени маңызы анықталып жатыр.

Тау бөктерінде тасқа қашалған ескі суреттер бар екенін жергілікті тұрғындар айтқан. «Жоңғар Алатауы» табиғи паркінің қызметкерлері сол жерге арнайы барып, ғылымға таңсық петроглифтерді суретке түсіріп алды.

Петроглифтерде тауешкі немесе арқарға ұқсас аңдар бейнеленген. Олардың айналасында бірнеше аңшы жүрген сияқты. Тағы бір суреттер ит пен жылқыны елестетеді. Аң стилі Қазақстанға тән. Осыған ұқсас петроглифтер елдің басқа да өңірлерінде кездеседі.

Сарқан ауданындағы тасқа қашалған суреттер - петроглифтер
Тастағы суреттерде мүйізді аңдар мен аңшылар бейнеленген / фото: «Жоңғар Алатауы» паркі

Тағы бір тасқа крест немесе Т әрпіне ұқсайтын таңба қашалған. Ол ру таңбасы болуы да мүмкін. Ол Жетісуды мекендеген Суан руының белгісі болуы да ғажап емес.

Әзірге петроглифтердің жас шамасы белгісіз. Бірақ оларды Қола дәуірінен бастап біздің заманымыздың XII ғасырына дейінгі аралыққа жатқызуға болады.

Қазақстан – жартасқа қашалған суреттерге бай елдердің бірі. Тарихи петроглифтер Жетісу, Шу-Іле таулары, Қаратау жотасы, Алтай және Тарбағатай, Сарыарқа мен Ұлытау, Маңғыстау және басқа да жерлерде кездеседі.

Бұған дейін Kursiv.Media Есік қорғанынан табылған әйгілі Алтын адам құпиясы туралы мақала жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз