Полиция Сайранда балағат сөз айтқан әншілерді тапты

Жарияланды 14 Шілде 2026 21:21

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Полиция Сайранда балағат сөз айтқан әншілерді тапты / Фото: Shutterstock

Алматы полициясы Сайран жағалауында микрофонға әдепсіз сөздер айтқан ер адам мен әйелдің кім екенін анықтады. Әкімшілік істің материалдары сотқа жіберілді, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Тексеруге әлеуметтік желілерде жарияланған видео себеп болды. Бейнежазбада көше музыканттары қоғамдық орында өнер көрсету кезінде балағат сөздерді қолданған.

Ролик таралғаннан кейін полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды анықтап, бөлімге жеткізді.

Ер адам мен әйелге қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

«Жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналадағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзатын басқа да әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады», – деп хабарлады полициядан.

ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (немесе 2026 жылы 86,5 мың теңге), 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.

Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Осыған дейін әлеуметтік желіде Сайрандағы әншілердің микрофонға балағат сөздер айтып, оларды видеоға түсіріп тұрған әйелден жазбаны тоқтатуды талап еткен видеосы пайда болғанын жазған едік. Ол кезде полиция тексеру басталғанын хабарлап, қатысушылардың жеке басы анықталғаннан кейін олардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге уәде еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз