
SpaceX компаниясы ғарышқа 1 миллионға жуық жасанды серік ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл жобаның мақсаты – әдеттегідей интернет тарату емес, күн энергиясымен жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі ғарыштық жасанды интеллект (ЖИ) деректер орталығын (data center) құру. Жоспардың жүзеге асуы толығымен Starship зымыранының сәттілігіне байланысты еді.
Алайда бейсенбі күні SpaceX компаниясының алып Starship зымыранын кезекті сынақтан өткізуі сәтсіздікке ұшырады. Ұшуға небәрі бір секунд қалғанда, қозғалтқыштардың бір бөлігі тұтанбай қалып, соның салдарынан қою түтін мен бу астында ұшыру процесі автоматты түрде тоқтатылды.
Компания иесі Илон Маск сынақтың сәтті өтуіне толық сенімді болу үшін екі қозғалтқышты ауыстыру қажет деп мәлімдеді. Содан кейін ғана Starship Техас алаңынан жер шарын жартылай айналып өтетін ғарыш сапарына аттанады. Бұл биіктігі 124 метр (407 фут) болатын, 33 негізгі қозғалтқышпен жабдықталған әлемдегі ең үлкен әрі ең қуатты зымыранның 13-ші рет ұшуы болмақ.
Ұшу алаңының үстінен дронмен түсірілген трансляция кадрлары қозғалтқыштарды тұтандыру процесі жоспарланған уақыттан үш секунд бұрын басталғанын көрсетті. Компания бұл жағдайға қатысты егжей-тегжей мәлімдеме жасамағанымен, экрандағы деректерден төрт қозғалтқыштың іске қосылмай қалғаны байқалды. Нәтижесінде қалған 29 қозғалтқыш бірден сөніп, зымыран ұшу алаңында қалып қойды.
Илон Маск Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында зымынар келесі аптаның басында қайта ұшырылуы мүмкін екенін жазады.
Әлемнің ең бай адамы Илон Маскқа тиесілі компания Falcon 9 зымыранын алғаш рет 2015 жылғы 21 желтоқсанда жерге қондырған. Осы уақытқа дейін зымыран 300-ден астам рет қайта қонып үлгерген. SpaceX компаниясының Falcon Heavy және Starship (Super Heavy) зымырандары да бірнеше мәрте пайдалануға болатын деңгейге жетті.